Мысалы, былтыр жарияланған балалар жылының жүзеге асу барысы, оған қатысты ұйымдардың орасан жұмысы мемлекеттік орган қызметінен қылаң бермесе, бұқаралық сипаттағы тренд тақырып бола алмай келеді.

Балалар жылы туралы мемлекет басшысы 2022 жылғы Жаңа жылмен құттықтауында айтты. Тоқаев науқанның жалаң ұран мен мерекелік шаралардан гөрі балаларды қорғаудағы нақты істер сипатында болатынын атап өткен.

Иллюстрация: Бекзат Исамбергенов

Жыл басында елде болған дүмпулер, одан кейінгі Ресей-Украина қақтығысы  мемлекетіміздің өмірінде үлкен сеңжүрістер жасады, бірақ «Балалар жылы» тақырыбы ұмыт қалып немесе кешеуілдетілген жоқ. Мысалы, президенттің осы жылды балалар жылы деп жариялау туралы жарлығы 19 қаңтар күні шықты. Ал 20 наурыз күні премьер-министр Әлихан Смайылов президенттің жарлығына сәйкес, балалар жылын өткізу жоспарын бекітетін қаулы шығарды.

Жоспар кешенді. Бала өмірінің маңызды кезеңін және саласын қамтитын үлкен 7 бөлімнен тұрады. Барлығы 50 шара жоспарланған. Шараларды барлығы 28 – мемлекеттік мекемелер мен квазимемлекеттік компаниялар және БАҚ жүзеге асырады.

Қаулы жарық көргеннен толық дерлік 3 ай уақыт өтіпті. Жоспар қалай жүзеге асып жатыр?

Сандәйектер

Жылдың алғашқы 5 айында ел көлемінде балалар жылына арналған 17 300 шара өткізілген. Ол шаралар барлығы 2,5 миллион баланы қамтыған. Оның ішінде – әлеуметтік аз қамтылған деп танылған оқушылардың 78% астамы немесе 566 мыңнан астам бала бар.

Сонымен бірге балалар жылына байланысты шаралар республикалық жоспармен шектеліп қалған жоқ. Мемлекеттік жоспарға 17 өңірлік, 280 аудандық және қалалық жоспарлар қосылды. Айта кету керек, коронавирус пандемиясына байланысты екі жылдай үйде отырып, өзара қарым-қатынастан ажырап қалған балаларды бұл шаралар бір серпілтті. Бұған — азаматтардың жекелеген бастамаларын қоссақ, шаралардың республикалық жоспар аясында шектеліп қалмайтыны түсінікті. Үкімет қаулысында көрсетілген 50 шара қазір 66-ға жетіп отыр.

Бастапқы ұйымдастыру кезеңі де мейлінше қарқынды жүрді деуге болады. Балалар жылына арналған шараларды үйлестіру үшін құрамында 220 адам бар жедел штаб құрылып, жұмыс ережесі дайындалды.

Жалпы балалар жылына арналған шараларды әлеуметтік сипатта деуге болады. Шаралар  —  мүгедектігі бар балалардан бастап, әлеуметтік аз қамтылған, дарынды оқушыларға дейін қамтиды. Бұл орайда бұрынғы білім және ғылым министрлігінің үлесіндегі жұмыстар айтарлықтай. Мысалы, кәсіптік-техникалық білім беру ордаларына мемлекеттік тапсырыс 45 мың орынға ұлғайтылды. Ал ЖОО талапкерлері үшін қосымша 15 мың грант берілді. 1-4-класс оқушыларын тегін ыстық тамақпен қамту 10% артты. Сонымен бірге үш мамандыққа дейін машықтануға мүмкіндік беру үшін кәсіпорындарға мемлекет тарапынан 20 мың орынға тапсырыс берілді.

Иллюстрация: Бекзат Исамбергенов

Шаралардың үлкен бір модулі — балалардың денсаулығы мен рухани жай-күйі. Балаларға әлеуметтік желілердің әсерінен бастап, буллинг мәселесіне дейін кейінгі кездері күн тәртібіне шығып отырғаны жасырын емес.

Жалпы Қазақстанда жақсы деңгейде дамыған психологиялық-медициналық-педагогикалық консультация (ПМПК) желісі бар. Елімізде мінез-құлқында және эмоциялық проблемасы бар балаларға көмек беретін 86 нүкте жұмыс істейді. Олар жыл сайын шамамен 6 бірлікке артып келген. Биыл осы бағыттағы жұмыстарды бірізді қылу мақсатында құрылыс және орналасу нормаларын жасақтау басталды. Айта кету керек, бір ПМПК нүктесін ашу үшін бұрын 60 мың балаға шағу керек болса, ол норматив президенттің пәрменімен 10 мыңға азайтылды.

Өкінішке қарай, балалар суициді сияқты ауыр тақырыптар да бар. Ондай оқиға қоғамды ешқашан бей-жай қалдырған емес, әрқашан ауыр қабылданады. Шындықпен санассақ, оны түбегейлі алдын алу мүмкін емес, ондай методиканы дүниежүзінің бір де бір елі ұсына алмайды. Қазақстан бұл мәселені кешенді мониторинг арқылы шешу жолын таңдады. Биыл осы мәселеге байланысты ерекше жоба жүзеге асты. Суицидтің алдын алу әрекеті ретінде Alem Mental ақпараттық жүйесі іске қосылды. Жоба бұрынғы білім және ғылым министрлігі ғылым комитетінің грантымен жүзеге асқан.

Балалар жылы аясындағы шараларда ақпараттық технологияларға негізделген шешімдер көп. Ахуалды реалтайм талқылауға арнайы құрылған чаттар бар. Патологияны анықтауға, жасанды интеллект негзінде баланың буллингке ұшырау ықтималдығына баға беретін жүйенің прототипін жасауға гранттар беріліп, бұл жобалар жүзеге асырылып жатыр.

Балаларға қатысты ортаның иннвентарын жаңартуға да ерекше көңіл бөлінді. Мысалы,  республика мектептерінің кітапханасы жыл басынан бері 2,2 миллион дана шығармаға толықты. Мұны кері байланыс тез көрінетін сирек құбылысқа түрткі болды дер едік: мектеп кітапханаларына келушілердің орташа көрсеткіші 10% артты. Сонымен бірге қазір 515 — мектеп авботусын сатып алу рәсімделіп жатыр.