Нұрсұлтан Назарбаев әуежайы әлемдік беделді марапатқа ие болды

Бұл туралы индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің азаматтық авиация комитеті хабарлады.

World Airport Awards – әлемдік әуежайлар индустриясындағы ең беделді марапат. Үздіктер дауыс беру нәтижесінде және арнайы жүргізілетін жаһандық сауалнама бойынша анықталады.

Үздіктерді анықтау үшін әлемдегі 550-ден астам әуежайдағы жолаушыларға қызмет көрсету сапасы мен ыңғайлылық жан-жақты сарапталған. Бұл сыйлық – жаһандық әуежай индустриясы үшін сапа стандарты,– дейді «Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайы» АҚ басқарма төрағасы Ғабит Тәжімұратов.

Марапат 2022 жылдың 16 маусымында Париждегі ЭКСПО жолаушылар терминалында табыс етілді.

Азаматтық авиация комитетінің төрағасы Талғат Ластаев әлемдік беделді сыйлықты алуда әуежай жұмысшылары мен комитет қызметкерлерінің қосқан үлесі зор екендігін атап өтті.

Олар күнделікті еңбегі арқылы жолаушылар тасымалын ыңғайлы әрі қауіпсіз ұйымдастырып жатыр. Сауалнама 8 ай көлемінде жүргізіліп, оған 100-ден астам ұлт өкілінен тұратын әуежай клиенттері қатысқан. Зерттеу қорытындысы әуежайдың клиенттерге қызмет көрсету сапасы және тіркеу, ұшып келу, трансфер, сатып алу, қауіпсіздік, паспорттық бақылау сынды негізгі көрсеткіштер бойынша шығарылған,- делінген хабарламада.