Институт директоры мен жастар ұйымының жетекшісі ұлттық құрылтай туралы айтты

Ұлттық құрылтай өте жақсы бастама. Керемет өтті деп ойлаймын, өйткені мәселелер жағынан емес, Қазақстанның болашақ бағыты жағынан әңгімелер қозғалды. Елдің құндылықтары жөнінде және қазақстандықтарды қалай еңбекке тарту туралы сөз тарқатты. Отандық спорт пен халықтың денсаулығына қатысты маңызды факторларды естен шығармады. Сонымен қатар, бүгінгі ұлттық құрылтайда ұлтаралық жағынан, этносаралық жағынан ауқымды тақырыптарды көтерді. Көтерілген тақырыптар бойынша президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев құрылтайдың төрағасы ретінде барлығын назарда ұстайтынын атап өтті. Біз еліміздің жарқын болашақ бағыты үшін қолдан келгенше аянып қалмауға тырысамыз, — деді қолданбалы этносаяси зерттеулер институтының директоры Талғат Қалиев.

Qazaqstan Team Республикалық қоғамдық жастар ұйымының жетекшісі Олжас Сүлейменов ұлттық құрылтай халықтың көкейіндегі мәселені билікке тікелей жеткізуге тиіс екенін айтты.

Президент Жаңа Қазақстанды жаңа кадрлармен құру керектігін айтты. Ол орынды пікір. Ұлттық құрылтай ертеңгі халық пен билік арасындағы алтын көпір, — деді Олжас Сүлейменов. – Әр өңірден келген құрылтай мүшелері көкейіндегі мәселелерін ашық алаңда мемелекет басшысына жеткізді. Соның ішінде білім саласы, тіл мәселесі ерекше көңіл бөлінді. Қазіргі уақытта жастарды ғылымға тарту жайлы айтқан математик Асхат Жұмаділдаевтың айтқан пікірі көңілге қонымды болды. Қазақстанның болашағы – жастар. Сондықтан кемел келешектің тұтқасы ретінде жан-жақты дамуымыз керек, — деді Олжас Сүлейменов.