Тоқаев қазақ тілінің мәртебесін талап етуден қоғамда жанжал тууы мүмкін деп қауіптенеді

Оның айтуына қарағанда, қазақ тіліне қатысты алаңдаушылық елдегі жағдайды дұрыс түсінбегеннен туындап отыр. Президент бұрынғы ахуал мен қазіргі кезеңді мүлде салыстыруға келметінін айтты.

Мемлекеттік тілдің тұғыры күн өткен сайын нығайып келеді. Оған қоса, дүниежүзінің басты ақпарат құралдары қазақша шығып жатыр. Жақында әйгілі Apple компаниясы қазақ тілін iOS-тың тілдер жүйесіне қосты. Дүниежүзінің 40 тілінде тарайтын Nickelodeon телеарнасы қазақша көрсетіле бастады. Жастардың бастамасымен National Geographic журналы 6 жылдан бері ана тілімізде жарық көріп жатыр. Осындай көптеген жағымды жаңалық бар. Сондықтан қатты алаңдауға негіз жоқ деп ойлаймын. Десек те, осы саладағы жұмысымызды даңғаза жасамай, табандылықпен жүргізуіміз қажет. Қазақ мемлекеті аман тұрғанда, қазақ тілі жасай береді. Бұған ешқандай күмән болмауы керек, — деді Тоқаев.

Президент тіл мәселесі бойынша бәріміз ұстамдылық танытуымыз керек екенін айтты.

Біздің елде ұлтына, тіліне бола ешбір азаматтың құқы шектелмеуге тиіс. Әйтпесе, қоғамда жанжал тууы мүмкін. Ел ішіне іріткі түскенін қалайтындар осыны тілеп отыр. Сондықтан тіл мәселесі бойынша бәріміз ұстамдылық танытуымыз керек деп ойлаймын. Бұл сырт көзге ұлтымыздың өз болашағына деген сенімсіздігі, тіпті, әлсіздігі сияқты көрінеді. Баршамыз тілге құрметімізді құр сөзбен емес, нақты іспен көрсетуіміз керек, — деді ол.

Тоқаев латын әліпбиіне көшу туралы да айтты. Оның сөзінше, бұл лингвистикалық тұрғыдан өте күрделі мәселе. Ол сол себепті кириллицадан латын әліпбиіне жасанды түрде, тек сәйкес әріптерді өзгерту арқылы көшуге болмайды деді.

Тілге байланысты тағы бір маңызды мәселе. Бұл – латын әліпбиіне көшу туралы. Кейбір қоғам өкілдері біз әлі күнге дейін кириллицадан арыла алмай жатырмыз деп, алаңдаушылық білдіріп жатыр. Бірақ, ең алдымен, бұл лингвистикалық тұрғыдан өте күрделі мәселе. Осыны жақсы түсінген жөн. Бұған дейін біз 2 рет латын графикасына көшуге тырыстық. Алайда соңы сәтті болған жоқ. Сондықтан бұл мәселеге жан-жақты, терең талдау жасап барып, түбегейлі шешім қабылдаған абзал. Кириллицадан латын әліпбиіне жасанды түрде, тек сәйкес әріптерді өзгерту арқылы көшуге болмайды. Әйтпесе, бұл үлкен қателікке апарып соғады. Ең бастысы, азаматтар, әсіресе, жастарымыз қазақ тіліндегі барлық сөздің латын графикасындағы жазылу тәртібін анық білуі керек, яғни тілімізге арналған орфографиялық қағидаларды қайта қараған жөн, — деді ол.

Мемлекет басшысы Тіл білімі институтына қазақ тілінің жаңа орфографиясы туралы арнайы еңбек әзірлеуді тапсырғанын айтты.

Содан кейін ғана латын әліпбиіне ауысу жөнінде айтуға болады. Асығыстыққа жол бермеуіміз керек. Тіпті, көшедегі билбордтар мен министрліктердің атауына қарасақ та жеткілікті. Тіліміз бұрмаланып кетті. Ашығын айту керек, бұл қазақ тілінің табиғатына жат, тіпті, тілімізді мазақ қылу сияқты көрінеді. Мұндай үстірт жасалған тіл реформасының қажеті жоқ. Бізге нақты реформа керек, — деді Тоқаев.