Мемлекет басшысы ұлттық құрылтайда бірқатар ұсыныс айтты

БІРІНШІ. Жалпыұлттық бірлікті нығайту

Біз демократия дәстүрі жетілген, мықты азаматтық қоғам құрамыз. Бұл – стратегиялық бағытымыз. Осы бағдарды берік ұстануымыз керек. Соңғы үш жылда бұл салада біраз нәтижеге жеттік. Билік пен халық арасында мазмұнды диалог орнаттық. Бұған ұлттық қоғамдық сенім кеңесі зор септігін тигізгенін атап өткім келеді. Сол арқылы бірқатар озық идеялар ұсынылды.

Митингілер туралы демократиялық заң шықты. Партиялық сайлау тізіміне әйелдер мен жастар үшін отыз пайыздық квота енгізілді. Қоғамдық кеңестердің жұмысы жандана түсті. Саяси жаңғыру бағдарламасы арқылы оң бастамалар лайықты жалғасын табары сөзсіз.

Заң мен тәртіп – ішкі тұрақтылықтың бірден-бір кепілі. Онсыз қоғамның дамуы мүмкін емес. Сондықтан, бұл қағида біздің ең басты бағдарымыз болуға тиіс. Жалпы, отбасын асырау үшін табанды еңбек етіп жүрген, заңға бағынатын адамдар құрметке ие болуы керек. Өкінішке қарай, бізде көше бұзақылары, жауапкершіліктен жұрдай блогерлер және масылдық пиғылмен айқай шығаратын адамдар  бүгінгі күннің батырына айналды. Депутаттар мен атқарушы билік өкілдері соларға ғана баса мән беретін болды. Түрлі деңгейдегі шенеуніктер солардың ғана талабын орындауға жүгіреді.

Орталықтағы және аймақтардағы билік барлық азаматтың мұң-мұқтажына бірдей қарауға тиіс. «Халық үніне құлақ асатын мемлекеттің» көмегіне сеніп отырған, заңға бағынатын қарапайым жұрт назардан тыс қалмауы керек.

ЕКІНШІ. Реформалардың мән-маңызын халыққа түсіндіру

Ең бастысы, біздің бағдарымызды халықтың басым көпшілігі қолдап отыр. Азаматтарымыз елімізде түбегейлі өзгеріс болатынына сенеді. Дегенмен, референдум табысты өтті екен деп, босаңсуға болмайды. Нағыз жұмыс енді басталды.

Реформаны жүзеге асыру барысын елге ұдайы түсіндіріп отыруымыз керек. Қазірдің өзінде жаңғыру үдерісі біртіндеп жалпыұлттық сипатқа ие бола бастады. Шын мәнінде, жаңғырудың әсерін әрбір азаматымыз сезінуі қажет. Елдегі өзгеріске әркім өз ісіндей қараса, шын мәнінде, жаңару жолына түсеміз. Мұны еліміздің әрбір азаматы терең түсінгені жөн.

Қазір – интернет дәуірі. Жастар өзіне қажет мәліметті ғаламтордан алады. Дәстүрлі ақпарат құралдарымен қатар, әлеуметтік желіге баса мән беру қажет. Жаңғырудың маңызын ұрпақ санасына сіңіру үшін жаңа тәсілдерді қолдану керек. Жалпы, түсіндіру жұмысы кезінде жастарға айрықша назар аударған жөн. Өйткені, бүгінгі реформалардың игілігін ертең солар көреді.

ҮШІНШІ. Жаңа технологиялар арқылы халықты ауқымды реформаларға қатыстыру

Құрылтайға қанша адам кірсе де, қоғамды толық қамти алмайды деген пікір айтылып жүр. Бірақ, Құрылтай мүшелерін көбейте берсек, одан пайда болмайды. Бұдан жұмыстың берекесі қашып, ұйымдастыру ісі қиындап кетуі мүмкін. Құрылтай – белгілі бір адамдар ғана бас қосатын жер емес. Ол, шын мәнінде, жалпыұлттық жиынға айналуы керек. Бұл – өте маңызды міндет.

Біз Жаңа цифрлық технологияның мүмкіндігін кеңінен пайдалануымыз қажет. Сонда мемлекет пен халықтың қарым-қатынасы барынша тиімді болмақ. Мен Qurultay деген арнайы мобайл қосымша әзірлеуді ұсынамын. Сол арқылы халық елді жаңғырту туралы ой-пікірін онлайн режимде айта алады.

Жұрт реформаның нақты пайдасын көруі қажет. Сонымен қатар оған тікелей қатысуға мүмкіндігі болуы керек. Азаматтар өзекті мәселелер бойынша интерактивті сауалнамаға қатысады. Кез келген түйткілді шешу жолын ұсынып, елімізді жаңғыртуға өз үлесін қоса алады.

Қайырымдылық істерді үйлестіретін түсінікті әрі тиімді электронды сервисті іске қосуға болады. Мұның бәрі цифрлық демократияны дамытатын технологиялық платформаның негізін қалайды. Дамыған мемлекеттер осыған ұмтылып жатыр. Біз ғаламдық өркениеттің көшінен қалып қоймауымыз қажет. Ұлттық құрылтайдың электронды нұсқасын жасаған жөн. Сонда әрбір азаматымыз ортақ іске атсалысады.