Тоқаев Әулиетаудың етегінде мемлекеттік рәміздер алаңын ашуды тапсырды

Ұлттық құрылтайдың Ұлытауда басталғаны дұрыс болды. Киелі өлкеміз Жаңа Қазақстанды құру жолындағы бірліктің символына айналды. Осы орайда мен тағы бір маңызды бастама көтергім келеді. Бұл жерде барлық рулардың таңбасы тасқа жазылған. Сол арқылы бабаларымыз ұлт бірлігін көрсеткен. Қаныш Сәтбаев «Еліміздің ту тіккен жері – Таңбалы тас» деген. Өкінішке қарай, қастерлі жазулар кейін әбден бүлінді. Ел азаматтары Ұлытауға ескерткіш қойып, тастағы таңбаларды жаңғыртты. Бірақ, бұл жеткіліксіз деп ойлаймын, — деді Тоқаев Ұлытаудағы ұлттық құрылтайдың алғашқы отырысында.

Президент Тоқаев Ұлытауда қазақтың бірлігін әйгілейтін сәулетті нысан тұруы керек деп есептейді.

Әулиетаудың етегінде мемлекеттік рәміздер алаңын ашуды тапсырамын. Қасиетті өңірде көк байрағымыз асқақтап тұруға тиіс. Сол арқылы ұрпақтар сабақтастығы жалғасып жатқанын көрсетеміз. Тамыры терең мемлекеттігіміздің жаңа дәуірі басталғанын білдіреміз, — деді мемлекет басшысы.