Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин Ұлттық құрылтайдың не үшін құрылғанын түсіндірді.
Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі жұмысын аяқтады. Дегенмен, оның негізгі мүшелері Ұлттық құрылтай құрамына кірді. Мемлекет басшысы жаңа құрылым жайында алғаш рет наурыздағы жолдауында мәлімдеген болатын. Ұлттық құрылтай не үшін құрылды? Ұлттық құрылтай қоғамның бірігуін нығайту және кеңейтуге идеялар мен қадамдар іздеу әрі әзірлеу үшін диалог платформасына айналуды мақсат тұтады, — деп жазды мемлекеттік кеңесші Telegram парақшасында.
Ұлттық құрылтай мен Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің айырмашылығы неде?
Егер Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінде өзекті әлеуметтік-экономикалық проблемалар, саяси реформа мәселелері талқыланса, Ұлттық құрылтайда әлеуметтік консолидацияны одан әрі дамытуға байланысты ұзақ мерзімді мәселелер талқыланатын болады.
Ерлан Қарин құрылтай құрамына кірген танымал бірқатар тұлғаның есімін атады.
Бүгін мемлекет басшысы Ұлттық құрылтай құру туралы жарлыққа қол қойып, онда оның ережесі мен құрамы бекітілді. Жаңа қоғамдық институттың мүшелері қатарында мынадай танымал тұлғалар бар: танымал композитор, жазушы, Қазақстанның еңбек ері Ілия Жақанов; Қазақстанның халық жазушысы, ақын, қоғам қайраткері Мұхтар Шаханов; қазақтың тұңғыш ғарышкері, кеңес одағының батыры, халық қаһарманы Тоқтар Әубәкіров; танымал журналист әрі қоғам қайраткері Сейдахмет Құттықадам; көрнекті ғалым-математик, академик Асқар Жұмаділдаев; ірі экономист және қоғам қайраткері Жақсыбек Күлекеев; танымал мемлекет қайраткер, саясаткер Әлихан Бәйменов; журналист, медиа-менеджер, қоғам қайраткері Ермұрат Бәпи; мемлекет және қоғам қайраткері, парламенттің бірнеше шақырылымының депутаты Нұртай Сабильянов; әлем чемпионы, Сеул олимпиадасының күміс жүлдегері, қоғам қайраткері Дәулет Тұрлыханов; ғалым-биотехнолог, QazVac вакцинасын әзірлеуші Күнсұлу Закария; қоғам қайраткері, дінтанушы Қайрат Жолдыбай; танымал тілші-ғалым Анар Фазылжанова; эколог, азаматтық белсенді Азамат Әміртаев. Сонымен қатар Қазақстанға танымал өзге де тұлғалар кірді. Ұлттық құрылтайдың құрамында жалпы 117 қатысушы бар, — деп жазды Ерлан Қарин.
Осы ретте Ерлан Қарин Ұлттық құрылтайдың басты айырмашылығы мен ерекшелігі ретінде оның құрамына әрбір өңірлік қоғамдық кеңестен бір-бір өкіл кіргендігін атап өтті.
Осылайша, осынау диалог алаңы жергілікті қоғамдық кеңестердің барлық жүйесін өзіне тұйықтайды. Сонымен қатар Ұлттық құрылтайға парламент депутаттары, саяси партиялардың, бизнестің ірі салалық бірлестіктерінің, медицинаның, білімнің, ғылымның, мәдениеттің, спорттың, адам құқығын қорғау және өзге де әлеуметтік топтардың өкілдері кірді. Жұмысқа жас көшбасшылар мен белсенділер де шақырылған, — деді мемлекеттік кеңесші.