Президент осы аптада Ресей мен Иранға барады

Ақпаратқа сәйкес, маусымның 16-ы күні мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жаңадан құрылған Ұлытау облысының орталығында өтетін Ұлттық құрылтайдың бірінші отырысына қатысады.

17 маусым Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей президенті Владимир Путиннің шақыруымен Петербор халықаралық экономикалық форумының 25-мерейтойлық жиынына қатысады.

Мемлекет басшысы форумның пленарлық отырысына қатысып, бірқатар екіжақты кездесу өткізеді деп жоспарланған.

19 маусымда Қазақстан президенті Иран Ислам Республикасының президенті Ибрахим Раисидің шақыруымен Иранға ресми сапармен барады.

Тегеранда жоғары деңгейде екіжақты кездесулер өткізу және бірқатар үкіметаралық құжатқа қол қою жоспарланып отыр.

Айта кетейік, Владимир Путин Қасым-Жомарт Тоқаевты 2022 жылдың 10 ақпанында Ресейдің Украинадағы әскери операциялары басталмай тұрып Санкт-Петербург экономикалық форумына шақырған болатын.