Алматыда рұқсат етілмеген митингінің соңы қайғылы оқиғамен аяқталды

Қалалық полиция департаментінің мәліметінше, 11 маусымда бір топ азамат Гагарин көшесінің көлік жүретін бөлігін жауып тастаған.

Рұқсат етілмеген акцияға қатысушылардың бірі – 1980 жылы туған М. есімді азамат. Жанжал кезінде қозғалысы бөгелген көліктердің бірінің жүргізушісі 1974 жылы туған К. есімді азамат жарақаттанған. Жәбірленуші қайтыс болды, — деп хабарлады департаменттен.

Ведомство таратқан ақпаратқа сәйкес, 42 жастағы М. есімді азаматтың іс-әрекеті ҚР қылмыстық кодексінің 106-бабы 3-бөлігі «абайсызда өлімге әкеп соққан денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру» бойынша қаралып жатыр.

Ол уақытша ұстау изоляторына қамалды, сотқа дейінгі тергеу басталды. Күдікті 8 жылдан 12 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін, — делінген хабарламада.

Рұқсат етілмеген акцияны Короленко көшесіндегі үйлердің бірінің тұрғындары ұйымдастырғаны анықталды. Олар «2019 жылдан бері жаңа тұрғын үй кешенінің құрылысына байланысты көліктер көбейіп кетті» дегенді желеу етіп, аулаларын жол жиегінен қоршауды талап еткен.

Бұған дейін бұл үй тұрғындарының өтініші бойынша жолдың төрт жерінде жылдамдықты шектейтін кедергілер төселіп, Гагарин және Радостовца көшелеріне екі шлагбаум орнатылған болатын. Басқа мән-жайлар анықталып жатыр, — деп қосты полициядағылар.