— Жанғали мырза, Түркияда кәсіппен айналысу қаншалықты тиімді?
— Түркияда кәсіпкер ретінде тіркелуге, кәсіп ашуға шектеу жоқ, бірақ сол елдің азаматы болмағандықтан салықты көбірек төлейміз.
Осында оқып жүргенде кәсіп бастауға бел будық. Алайда Түркияның заңнамасынан, кәсіп жүргізу тәртібінен хабарымыз болмады. Сондықтан маманның көмегіне жүгіндік. Заңгер мен бухгалтер жалдадық. Олар кәсібімізді тіркеп, есебін жүргізуді үйретті.
Алғашында қызметіне көп ақы сұрамайтын маманды таңдадық, бірақ ол бізге керек ақпарат пен көмекті бере алмады. Кейін қызмет құны жоғары, білікті маман таптық. Өз ісінің маманы еңбегінің құнын бағалай алатынын түсіндім. Мұндай маманмен жұмыс жылдам әрі өнімді жүреді. Сондықтан кәсібің өрге домалауы үшін жақсы инвестиция құйып, мықты маманмен жұмыс істеуің керек.
— Компанияның аты – American vibe. Өзіңіз қазақсыз, ал кәсібіңіз Түркияда. Американың қандай қатысы бар?
— Алғашында бұл ғимарат кафе ретінде емес, speaking club өтетін орталық ретінде ашылды. Мұндай идея Америкаға Work and travel бағдарламасымен барып келген соң пайда болды, бірақ кейін пандемия басталып, жұмысымыз тоқтап қалды. Суши дайындау және жеткізу туралы идея осы кезде пайда болды. Негізі бұған дейін бұл ғимарат кофейня да, тәтті пісіретін орын да болды. Қазір көбіне сушиге маманданғандықтан атауын sushi vibe деп өзгерттік.
— Түркия нарығына дәл сушимен кіруге не себеп болды?
— Түркияда дәмді суши таппадым. Тапқан күннің өзінде студенттер үшін қымбат, оның үстіне, көлемі де кішкентай еді.
Түркия, оның ішінде біз тұратын Измир теңіздің жағасында орналасқан. Балық көп, бірақ суши дайындайтын орталық, кафе аз.
Sushi vibe нарыққа шыққанға дейін қалада монополист үш компания бар еді. Олардың бекіткен бағасы бар және тұтынушылар сол бағада сатып алуға мәжбүр болды. Бәсекелес болмаған соң олар өнімдерін жетілдіруге, бағасын төмендетуге тырыспайтын.
Біз қолжетімді бағада суши жасай бастағанда олар да бағасын түсіруге мәжбүр болды. Басқа да шағын суши жасайтын орталықтар пайда болды. Осылайша, Измирде қолжетімді суши пайда болуына әсер еттік.
Sushi vibe-тың тез дамуына әсер еткен үш факторды атап өтуге болады. Біріншісі – жоғарыда айтқанымдай қолжетімді баға. Екіншісі – тойымдылығы, көлемі. Үшіншісі – орналасқан жері. Кафеміз Измирдің Бужа ауданында орналасқан. Мұнда халық тығыз орналасқан, студенттер көп. Алғашында жеткізу қызметі тек Бужа ауданында еді. Сол кезде басқа аудандардан сушиімізді жеуге арнайы келетіндер болды.
— Суши жасауды қайдан үйрендіңіз?
— Алғашында YouTube-тен видеоларды көрдім. Кейін оны үй жағдайында қайталап, дайындап көрдім. Шымкентте суши жасайтын досым бар. Арнайы сол үшін Қазақстанға барып, жанында жүріп үйрендім.
Суши жасауды пандемия кезінде бастадым. Рамазан айында күн сайын ауызашарға суши дайындайтынмын. Балық кесуді де алғаш осы кезде үйрендім.
Қазақстан және Түркия нарығын салыстырып, зерттедім. Түркияда жеткізу қызметі жақсы дамыған, бірақ суши дайындау жолға қойылмаған.
Мысалы, суши дайындайтын орталықтың бәрі балық, басқа да қажет заттарды бір жерден сатып алады, бірақ дайындау тәсіліміз басқа.
Біздің суши Америка стилінде жасалады. Кремі көп, қуырылып пісіретін түрлері бар. Бір байқағаным – суши жеп үйренбеген адамдарға шикі балыққа қарағанда қуырылған суши өтімді. Тұтынушылардың пікірін зерттей келе түрлі талғамға сай келетін өнімдер жасауды үйрендік.
— Бұған дейін бизнес саласы бойынша біліміңіз немесе тәжірибеңіз болып па еді?
– Болмады, бірақ үнемі идея мен талпыныс болды. 2018 жылы Түркияға «Геоақпараттық жүйелер» мамандығына оқуға түстім. Бакалаврды «Ғылыми география» мамандығы бойынша бітірдім.
Түркияға келген соң үнемі теңіз жағасында ойланып жүретінмін. «Түркия нарығында не жоқ?» деген сұраққа жауап іздедім.
Мұнда алғаш келгенде түрікше мүлдем білмедім. Бір жыл ішінде тілді үйрендім. Түрік халқын, әсіресе, жастарын зерттедім.
Түркияда ағылшын тілін жетік меңгергендер көп емес. Көпшілігі ағылшынша білеміз деп ойлайды, шын мәнінде олай емес. Әсіресе, сөйлесетін кезде ақсайды, бірақ үйренгісі келетін жас көп. Сол үшін ағылшын тілін меңгергісі келетін жастарға арналған орталық ашқым келді. Осылайша, бастапқыда ағылшынша speaking club орталығын аштым.
— Бірінші инвестиция мен алғашқы қадамдар туралы айтып беріңізші…
— Бұрын кәсіппен айналысып көрмеген соң алғашында сенімсіздік болды. Бір жолы түрік тілі курсына бірге қатысқан македониялық досым Этмир Салямға speaking club ашқым келетінін айттым. Ол мені бірден қолдап, бірге бастауға ұсыныс айтты. Сол жерде бизнес жоспар құрып, іске кірістік.
Инвестиция табу жағы қиын болмады. Жазғы каникулда Америкаға барып жұмыс істеп, ақша жинап алғанмын. Досымның да жинаған ақшасы бар екен. Келесі кезең жалға алатын ғимарат тауып, құжаттарды заңдастыру болды. Алғашқы қиындықтар осы кезде басталды. Жалға алатын жердің пәтерімізге жақын және студенттерге ыңғайлы жерде орналасқанын қаладық. Себебі негізгі аудиториямыз студенттер болды. Олардың бос уақытында келуіне, тіл үйреніп, сабақ оқуына ыңғайлы орта қалыптастырғым келді. Ғимаратты біраз іздеп, соңында таптық. Дизайнын, интерьерін өзіміз жасадық. Осылайша, бір айда кәсібімізді бастап кеттік.
Ісіміз ойдағыдай жүріп жатты. Уақыт өте келе тек speaking club емес, келушілерге кофе, тәтті ұсына бастадық. Осы тұста тек қызметкер емес, дос ретінде қол ұшын берген қазақ қыздарына рақмет. Түріктерде тәттінің көп түрі болғанымен, дәл біздің Қазақстандағыдай вупи пай, бал торты, қызыл бархат жоқ. Біз дайындаған тәттілер Измирде танымал болды.
Алайда бәрі ертегідей бола бермейді. Кәсібіміз қарыштап дамып келе жатқанда пандемия басталып кетті. Ашылғанымызға енді ғана екі айдан асқанда жабылуға тура келді. Өйткені адамдардың жиналуына, кафе, дәмханалардың жұмысына уақытша тыйым салынды.
Ғимаратты жалға алып, келісімшарт жасап қойғанбыз. Карантин кезінде осы жерге келіп, сабақ оқитынмын. Жапондарға ағылшын тілінде онлайн сабақ беріп жүрдім. Үнемі карантинде қандай кәсіппен айналысуға болады деген ойда жүрдім. Соңында Sushi vibe жобасын ойлап тауып, суши жеткізумен айналыстық.
— Жеткізу қызметінде қандай қиындықтар кездесті?
— Түркияда жеткізу қызметі, сервис өте жақсы дамыған. Әсіресе, пандемия кезінде сұраныс көбейді. Сондықтан бұл салада бәсекеге қабілетті болу қиынға соқты. 30 минутта жеткізіп бермесең, түріктер тапсырыстан бас тарта салады. Осылайша, еңбегің еш кетеді. Ал Қазақстанда суши тапсырысын екі сағаттап күте береді.
Түріктер өте кірпияз халық. Болмашы нәрсе үшін жағымсыз пікір жазып, төмен бағалауы мүмкін. Біздің тез дамуымызға тұтынушылардың талаптары әсер етті деп ойлаймын.
Уақыт өте келе тапсырыс беретіндер саны артты. Біз жалға алған ғимараттың ас бөлмесі тар еді. Тапсырыс көбейе берген соң ас бөлменің қабырғасын алып тастап, бөлмені кеңейттік.
Кейін карантин шектеулері жеңілдеген соң жеткізу қызметін, суши кафесін, кофейня мен speaking club-ты бір орталыққа біріктірдік.
— Кәсіпкер ретінде карантиннен не түйдіңіз?
— Бизнестегі ең маңызды нәрсе – тәуекел. «Кім тәуекел етпейді, сол мақсатына жетпейді». Кәсіп бастамай тұрып өзімді психологиялық тұрғыда көп дайындадым. Кәсіп бастаған соң болуы мүмкін ең жаман нәтиже қандай? Банкрот. Мен бұған дайынмын ба? Не жоғалтамын? Не табамын? Осы сұрақтарды өзіме қойдым. Жоғалтатыныма қарағанда табатыным, үйренетінім көп екеніне көз жеткізген соң іске кірістім.
Досым екеуіміз қыдыруға, тамақтануға, демалуға көп ақша жұмсайтынбыз. Демек бұл қаржыны кәсіпке салып, болашағы бар іске жұмсасақ өкінбейміз деп ойладық. Тіпті ол істің болашағы анық болмаса да, тәжірибе болар еді.
Әуелідегі сәтсіз тәжірибелерден кейін істің алға басатынына сенімім азая берді. «Осы ісім сәтсіз болып қалса, келесі істе тәжірибелі боламын», «Кәсібім жүрмей қалса, оқуымды аяқтап, елге дипломмен ораламын» деген ойлар жұбататын. Бизнес бастап жатсаңыз, соңында болуы мүмкін ең жаман оқиғаны қағазға жазып алып, сол істі болғандай қабылдаңыз. Сонда сынып кетпейсіз.
— Кәсібіңізді енді қай бағытта дамытуды жоспарлап отырсыз?
— Қазір суши дайындаумен де айналысамыз, аптасына бір-екі рет speaking club өткізіп тұрамыз. Speaking club-ты достарымыз жүргізеді. Олар қатысушылардың еркін сөйлеп кетуіне көмектесетін бағдарлама жасауға тырысады. Жоспарымыз бен мақсатымыз – ағылшынша еркін сөйлейтін, эмоция мен атмосфера тудыра алатын орта құру.
Алғашқыда speaking club-ты деңгей-деңгейге бөліп өткіздік. Қазір барлық деңгей бірге келеді, түсінгендері бойынша диалог құра береді. Бір топта 10-15 адам болады. Қатысу бағасы 20 түрік лирасы (511 теңге) тұрады. Аудиториямыз студенттер, бағасы да қолжетімді. Осы бағамен де кәсібіміз бір жылдың ішінде салған инвестицияны ақтап шықты. Болашақта кәсібіміздің ауқымын кеңейткіміз келеді.
— Дәл осы бизнес модельді Қазақстанға әкелу жоспарыңызда бар ма?
— Әзірше жоқ. Өйткені мейрамхана ісі болсын, speaking club болсын, басы-қасында өзің жүруің керек деп ойлаймын. Сондықтан әзірше Қазақстанға бару жоспарда жоқ. Түркияда басқа да кәсіп түрімен айналысып көргім келеді.