EasyTap — жалдамалы қызметкер мен жұмыс берушілерді біріктіретін онлайн-сервис. Мобайл қолданбаға бизнес (жұмыс беруші) немесе орындаушы (жұмыс іздеуші) ретінде тіркелесіз де, үшжақты келісімшартқа қол қоясыз. Бұл үшін кеңсеге барудың керегі жоқ.
Мобайл қолданбаға электрон цифрлық қолтаңбамен кіріп, ондағы бірнеше сұраққа жауап бересіз, сосын өзіңізге ыңғайлы жұмысқа бірден шығып кетуге болады.
Кәсіпкерлер жобаны жасағанда жұмыс іздейтін адамдардың бірнеше талабы барын анықтаған. Біріншісі – график ыңғайлы болуы керек. Өйткені жұмыс іздейтіндердің 50%-і студенттер екен, ал 25%-і — қосымша жұмыс іcтеуді құп көреді. Ал қалғаны — балаларын балабақшаға немесе мектепке апарған соң шамамен 4-5 сағат қана жұмыс істегісі келеді.
Олардың тұрақты жұмысқа графигі сәйкес келмейді. Өйткені кейде баласы ауырып қалады, ал студенттер емтихан кезінде бос болмайды, ал басқаларының негізгі жұмысында жүктеме көп болады, — дейді Мағзұм Төлеш.
Сонымен бірге жоба авторлары қосымша жұмыс істейтіндердің апта сайын еңбекақысын алып отырғысы келетінін білген. Өйткені өз жұмысынан жалақы немесе оқу орнынан стипендия айдың басында немесе соңында беріледі.
Бұған қоса, адамдардың қаржы жағынан сауаты төмен екенін байқадық. Қарапайым нәрселерді білмейді. Көпшілігінде несие бар. iPhone-ның кейінгі үлгісін бөліп төлеуге алып алған. Көбі пәтер жалдап тұрады. Бұл оларға апта сайын шығындары мен қарыздарын жауып отыратын табыс көзі қажет дегенді білдіреді. Одан кейінгі мәселе – жұмыстың үйіне, оқу орнына жақын болуы. Адамдар жұмысқа барып-келуге көп уақыт пен ақша құртқысы келмейді, — дейді EasyTap авторларының бірі Мағзұм.
Ал EasyTap-тың өзі бизнеске әртүрлі қызметкер тауып беріп, жасалған төлемнен үлесін алып отырады. Жобаны іске қосуға бірнеше кәсіпкер қайтарымсыз инвестиция құйыпты.
Жобамызға алғашқы инвестицияны Марат Төлебаевтан алдық. Ол біздің жобамызға 18 мың доллар қайтарымсыз инвестиция құйды. Алғашқы тұтынушымызды тапқанда Талғат Исмаил мен Елжан Күшікбаев есімді танымал инвесторлар 20 мың доллар берді. Кейін жобамыз кеңейе бастаған соң тағы да қаржы тапшылығы сезіле бастады. Осы кезде Мұрат Әбдірахманов қолдады, — дейді Мағзұм.
Сервистің қолданушылары алғаш Magnum компаниясында жұмыс істеген. EasyTap қазірс сонымен бірге Zara, Massimo Dutti, Stradivarius, Bershka, Pull&Bear, Oysho, BabyRoom дүкендеріне, Costa Coffee, KFC, Pizza Hut, «Қағанат», Ozyurt асханалар мен ресторандар желісіне, Froot, Toimart, Zyp-Zyp супермаркеттеріне түрлі қызметкер тауып берумен айналысады.
Мағзұмға қазіргі EasyTap идеясы 2019 жылы келіпті. Ол бұл уақытта Chocofamily компаниясында коммерциялық директор болып жұмыс істеп жүрген. Ол Сhocofood бөліміндегі қызметкерлердің жұмысты жиі ауыстыратынын көрген. Мысалы, штат 1 000 адамға арналса, бір жыл ішінде компанияда 3 000 адам жұмыс істеген. Орта есеппен әр үш ай сайын қызметкер ауысып отырған.
2020 жылғы күзде курьерлер мен ресторан қызметкерлерінің тез жұмыс ауыстыратыны бизнеске де айтарлықтай әсер етті. Осының кесірінен компаниялар шығынға батты. Зерттеу бойынша әр компания тоқсан сайын жаңа қызметкер табуға шамамен кем дегенде 300-350 доллар қаржы жұмсайды. Мысалы, компанияңызға қызметкер табу үшін әуелі HeadHunter-ге жарнаманы ақылы бересіз. 100 адам жауап берді делік, оның тек 60-ы хабарласқаныңызда тұтқаны алады. Соңында тек 10-ы кеңсеге әңгімелесуге келеді. Оның тек біреуі жұмысқа тұруы мүмкін. Осылайша, 100 адамның тек біреуі жұмысқа орналасады. Бұл процесс уақыт, қаржы жағынан тиімсіз, — дейді ол.
Мағзұм Төлеш осы проблеманы шешудің түрлі жолын қарастырыпты. 2021 жылғы қаңтарда Chocofamily компаниясынан жұмыстан шығып, жаңа жоба жасау керегін түсінеді. Алайда ол кезде жобаның нақты концепциясы болмаған. Бұған қоса, Мағзұм әуеліде ірі компаниядағы жақсы қызметін тастағанда көп сынға ұшырапты. Өйткені әйелі мен баласы бар, ай сайын төлейтін пәтерақысы, күнделікті шығын біраз уайымға салыпты.
Өзім ойлаған гипотезаларды зерттей бастадым. Кейде адам өзінің жеке мәселесін шешетін жоба бастап, оны бәріне керек деп ойлап қалады. Менің сақалым бар, сондықтан барбершоп ашқым келді делік, бірақ сақал өсірмейтіндерге бұл жоба маңызды емес қой. Сондықтан жобаны бастамай тұрып мәселе мен аудиторияны толық зерттеп алу керек екенін түсіндім. Осылайша, көп уақытым бақылау мен зерттеуге кетті, — дейді ол.
Ол кейін бұл жобаны жалғыз жүзеге асыру қиын екенін түсініп, серіктес іздей бастаған. Сөйтіп IT-маман Темірлан Қабылбековпен байланысқан.
Әлемдік тәжірибеге көз салсақ, кез келген табысты стартапты бірнеше адам бірігіп жасаған. Серіктес өзіңмен мүдделес болғаны маңызды. Жобадағы серіктесім — Темірлан Қабылбеков 8 жыл Ресейде тұрған. «Яндекс», Mail.ru, Ivi.ru және «Мегафон» компаниясында жұмыс істеген білікті маман. Оған хабарласып, кездесуге шақырдым. Google компаниясына жұмысқа кетуге дайындалып жүргенін айтты, бірақ мені тыңдаудан бас тартпады. Бір сағаттың ішінде нақты концепция жоқ екен, бірақ проблема бар екенін айтып, түсіндіріп бердім. 1-2 күн өткен соң Темірлан «Google-ға кез келген уақытта жұмысқа бара аламын. Әуелі сен айтқан проблеманы шешейік» деп хабарласты, — дейді Мағзұм Төлеш.
Осылайша, екеуі 2021 жылы наурызда жобаны бастап кетеді. Жарты жыл бойы түрлі тәсілді байқап көреді.
Алғашында чат-боттар жасап көрдік. Кейін геймификация тәсілін қолдандық. Адамдардың жұмысын балл жинайтын ойынға айналдырғымыз келді. Мысалы, McDonald’s компаниясында қызметкер бір бургерді қанша секундта жинайды деген метрика бар. Жинау жылдамдығын ұпайға айналдыру туралы идея пайда болды. Мысалы, 25 секундта бір бургер жинаса, 100 ұпай алады. 26 секундтан бастап 90 ұпай беріледі. Кейін қызметкер жинаған ұпайын электрон әмиян ретінде қолданып, түрлі сыйлыққа ауыстыра алады. McDonald’s-қа идея бірден ұнап, келісімге келдік. Бірақ ІТ-стартаптың мақсаты тек бір компанияға қызмет көрсету емес. Дәл осы геймификация идеясын басқа компанияларға таныстырғанымызда көпшілігі қызықпады. Бір ғана компанияға қызмет көрсету тиімсіз болғандықтан, McDonald’s-пен де келісім жасамадық, — дейді ол.
Бірнеше сәтсіз тәжірибеден кейін Мағзұм Төлеш пен Темірлан Қабылбеков ресейлік GigAnt компаниясының бизнес-моделін негізге алады. Компанияның тәжірибесін көруге бір аптаға Ресейге барып та келген.
GigAnt-қа барып, Қазақстаннан келгенімді, қоғамдағы жұмыспен қамту проблемасын шешкім келетінін, өзім байқап көрген әдіс-тәсілдерді баяндап бердім. Менеджерлері бизнестің ішкі жүйесін таныстырды. Қазір көп адам стартап десе, жаңа инновация, идея болуы керек деп ойлайды. Алайда адамдардың ортақ проблемасы көп. Оны шешудің тиімді жолдарын сенен бұрын біреу ойлап тауып қоюы мүмкін. Оның тәсілін пайдаланып, өзің өмір сүріп отырған ортаға бейімдеу арқылы да проблеманы шешуге болады. Біздің де мақсатымыз жаңалық ашу емес, мәселенің шешімін табу еді, — дейді кәсіпкер.
Қазір қазақстандық сервиске қазір 2 мыңнан астам адам тіркелген. EasyTap Алматы, Нұр-Сұлтан және Қостанайда жұмыс істейді. Биылғы жазда Қазақстанның басқа қалаларына да қосуды жоспарлап отыр.
Жобамыз әуеліде 800 мың долларға бағаланды. Қазір EasyTap құны — 3 миллион доллар. Болашақта 1 миллиард долларға бағаланатын компания болуды жоспарлаймыз. Сол үшін қазір Америка нарығына шығып, табыс табуды көздеп отырмыз. Визаға тапсырып қойдық. Жазда АҚШ-қа барып, сол жерден қаражат тауып, оны отандық бизнесті дамытуға жұмсаймыз, — дейді кәсіпкер.