Бұл туралы Астанада өткен «Корпоративтік секторда әйелдердің мүмкіндігін кеңейту» атты халықаралық форумда ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова мәлім етті.
«Қазіргі уақытта оңтүстік өңірлерден солтүстікке қоныстану бойынша бағдарлама қолға алынды. Алғашқы жұмыстар басталып та кетті. Ең біріншіден, Білім және ғылым министрлігінің «Серпін» бағдарламасы аясында солтүстік облыстарға студенттер келуде. Біздің бағдарлама бойынша да бұл жұмыс жалғасын табады. Биылдың өзінде бұл бағдарламаға республикалық бюджеттен 45 млрд теңге, жергілікті бюджеттерден – 40 млрд. теңге қарастырылған. Яғни, 85 млрд. теңге осы бағдарламаны жүзеге асыруға бөлінуде», – деді министр.
Айта кетейік, бұның алдында хабарланғанындай, оңтүстік өңірлерден солтүстік облыстарға көшуге ниетті адамдарды ынталандырудың жаңа бағыттары енгізілді. Біріншіден, қоныс аударғандардың шығындары 35 АЕК көлемінде өтелетін болады, яғни отбасының әрбір мүшесіне 79 мың теңге сомасында беріледі. Сонымен қатар бір жыл бойы көшіп барған отбасының баспананы жалдауға жұмсайтын шығындары субсидияланады.
ҚР Үкіметі анықтаған өңірлерге ерікті түрде қоныс аударған тұлғаларға мемлекеттік қолдау шаралары қарастырылған. Жыл сайын, өңірлер мен жұмыс берушілердің еңбек ресурстарына сұранысын ескере отырып, ішкі көші-қон квотасы белгіленеді. Аталған көшті ынталандыру тетігі ретінде, бастапқы бейімделу және жол мен жүк тасу шығынын өтеу құралдарынан тұратын, қазіргі таңдағы әлеуметтік пакетті қолдану жалғасын табады. Осы жылы 2,7 мың азаматтың қоныс аударуына субсидия төлеу мақсат етілген.