Басты бетЖаңалықтарТоқаев заңдағы...

Тоқаев заңдағы 30-дан астам өзгеріс азаматтардың мүддесіне толық сай келеді дейді

Мемлекет басшысы Қазақстан өте маңызды әрі бетбұрысты кезеңге қадам басқалы тұрғанын айтты.

5 маусым күні азаматтарымыз жалпыұлттық референдумда дауыс береді. Конституцияға түзетулер енгізу мәселесі бойынша шешім қабылдайды. Бұл – мемлекеттің және бүкіл қоғамның болашағын айқындайтын жауапты сәт. Ел тағдыры ешкімді бей-жай қалдырмайтыны анық. Біз қазір барлық саланы жаңғыртуға кірістік. Осы жолда мемлекетті басқару үлгісін түбегейлі өзгерту қажеттігі туындады. Сол себепті, мен наурыз айындағы Жолдауымда саяси жаңғырудың ауқымды бағдарламасын ұсындым. Оның басты мақсаты – елімізді одан әрі демократияландыру, халықтың мемлекетті басқару ісіне қатысу мүмкіндігін кеңейту,- деді президент.

Президенттің айтуынша, бұл өзгерісті толық жүзеге асырсақ, ықпалды парламенті бар президенттік республика үлгісіне біржола көшеміз. Конституциялық реформа адам құқықтары мен бостандықтарын қорғау жүйесін барынша күшейтеді. Сонымен бірге еліміздегі саяси бәсекенің әділ және ашық болуын қамтамасыз етеді.

Біз Ата заңымыздың отыздан астам бабына өзгеріс енгізгелі отырмыз. Оның бәрі азаматтарымыздың мүддесіне толық сай келеді. Осылайша, мемлекетімізді түбегейлі жаңғыртамыз. Сол арқылы Екінші Республиканың негізін қалаймыз,- деді мемлекет басшысы.