Жыл басынан бері 5 679 этникалық қазақ қандас статусын алды

Жыл басынан бері Қазақстанға келген қандастардың жартысынан көбі, нақтырақ айтқанда 68,7%-і Өзбекстаннан, 10,4% – Қытайдан, 8,8% – Түрікменстаннан, 2,6% – Моңғолиядан және 9,5% басқа елдерден қоныс аударған. Келген этникалық қазақтар негізінен Алматы (31,1%), Маңғыстау (18,8%), Түркістан (10,3%) және Жамбыл (6,2%) облыстарына, сонымен қатар Алматы (6%), Нұр-Сұлтан (6,9%) және Шымкент (7,9%) қалаларына қоныстанды, — делінген министрлік мәліметінде.

Ведомство ақпаратынша, еңбекке қабілетті жастағы этникалық қоныс аударушылар — 63,2%, еңбекке қабілетті жастан кіші қоныс аударушылар — 22,8% және зейнеткерлер — 14%. Ал, еңбекке қабілетті жастағы қандастардың 11,4%-і – жоғары, 40,3%-і – орта кәсіби, 46,6%-і – жалпы орта білімді және 1,7%-інің білімі жоқ.

Айта кетейік, 1991 жылдан бері республикаға 1 млн 93,5 мың этникалық қазақ оралған. Бұған дейін хабарланғанындай, Қазақстан Республикасының аумағына бұрын тұрған және қайта келген этникалық қазақтар eGov.kz порталында қандас статусын алуға немесе оны ұзартуға өтінім бере алады.