Нью-Делиде Абайға бюст қойылды

Бұл туралы ҚР сыртқы істер министрлігі хабарлады.

Іс-шара ҚР премьер – министрінің орынбасары-сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтановтың, Үндістанның сыртқы істер және мәдениет мемлекеттік министрі Минакши Лекхидің, сонымен қатар дипломатиялық корпус өкілдерінің қатысуымен өтті.

Абай – ұлы ақын ғана емес, кемеңгер ойшыл, әйгілі ағартушы. Ол жұртты ғылым игеруге, білімдар болуға үндеді. Жаңашылдық пен жасампаздықты дәріптеді. Абай мұрасы – біздің елімізге ғана емес, барша адамзатқа ортақ құндылық, — деді Бақыт Сұлтанов.

Бақыт Сұлтанов Абай бюстінің орнатылуы екі ел арасындағы рухани ынтымақтастықты одан әрі нығайта түсетінін атап өтті. Сонымен бірге тараптар білім, ғылым және мәдениет саласындағы ынтымақтастықты дамытуды жалғастырады.

Абай бюсті
Фото: Сыртқы істер министрлігі

Нью-Делиде Абай бюстінің ашылуына арналған салтанатты іс-шара Қазақстан Республикасы мен Үндістан Республикасы арасындағы сауда-экономикалық, ғылыми-техникалық, өнеркәсіптік және мәдени ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссияның 14-отырысына қатысу үшін Қазақстан Республикасы делегациясының Үндістанға сапары шеңберінде өтті.