Басты бетЖаңалықтарТоқаев: Мемлекеттік...

Тоқаев: Мемлекеттік туды пайдалану тәртібін қайта қарау керек

Мемлекет басшысы жастардың отаншылдық рухын күшейту керек екенін айтты.

Қазір әлеуметтік желіде мемлекеттік туды қадірлеу туралы көптеген ой-пікірлер айтылып жатыр. Өкінішке қарай, қасиетті көк туымызға байланысты орын алған жағымсыз жағдайлар азаймай тұр. Сондықтан, байрағымызды пайдалану тәртібін қайта қарау керек деп ойлаймын. Қажет болса, тиісті заңдарға өзгертулер енгізуге болады. Өйткені, көк туымыз – қастерлі Тәуелсіздігіміздің символы, — деді президент Алматыда ұлттық ғылыми академиясының 75 жылдығына арналған салтанатты сессияда.

Қасым-Жомарт Тоқаев қазақ елі көк байрағын әрқашан биік ұстағанын атап өтті.

Осы ретте, Қаныш Сәтбаевтың бір ойы өзекті болып отырған сияқты: «Өз елінің қара тасын мақтан ете алмаған, өзге жердің алтынын да мақтап жарытпақ емес». Мемлекеттік рәміздерімізді қастерлеу – әр азаматтың перзенттік парызы. Осыны өскелең ұрпақтың санасына сіңіретін ең әуелі – сіздер, яғни зиялы қауым, — деді мемлекет басшысы ғалымдарға.

Еске салайық, 25 мамырда Алматыдағы Балуан Шолақ атындағы спорт сарайында «Ирина Кайратовна» мен Shiza-ның (Асхат Жолшиев) концерті өткен болатын. Олар сахнаға мас күйінде шыққаны аздай, Асхат Жолшиев мемлекеттік туды қорлаған. Бұдан бөлек, өнерпаздар бейәдеп сөздер айтқан.

Кейінірек желі қолданушылары жас әншілердің сахнадағы әрекетін сынады. Көп ұзамай «Ирина Кайратовна» тобының мүшесі Азамат Маркленов видео арқылы халықтан кешірім сұрады.