Қазақстанда балаларға жасалатын зорлық-зомбылық

Қазақстандағы балалар да дүниежүзінің басқа елдеріндегідей зорлық-зомбылықтың көп түріне ұшырап жатады. Балаларға қатысты зорлық-зомбылық физикалық, эмоционал және жыныстық түрде болуы мүмкін.

Дүниежүзі бойынша әрбір бесінші қыз бала және әрбір 13 ұл бала 18 жасқа дейін жыныстық зорлық-зомбылыққа немесе қанауға ұшыраған.

Қазақстандағы балаларға қарсы қылмыстардың 40%-тен көбі — жыныстық зорлық-зомбылық. 2021 жылы балаларға қатысты 2 088 қылмыс тіркелген, оның 913-і (44%) сексуал қылмыстар болды. Оның ішінде:

  • 224 зорлау;
  • 201 жыныстық сипаттағы зорлық-зомбылық әрекеті;
  • 16 жасқа толмаған адаммен жыныстық қатынас немесе жыныстық сипаттағы басқа да әрекеттердің 340 жағдайы;
  • жыныстық қатынасқа мәжбүрлеудің, еркек пен еркектің, әйел мен әйелдің жыныстық қатынасы немесе жыныстық сипаттағы басқа да әрекеттердің 8 жағдайы;
  • кәмелетке толмағандарға қатысты 140 жағдай.

Бұл — тек сотқа жеткен жағдайлар саны, ал қылмыстардың кейбірі зорлық-зомбылықтың жасырын сипатына байланысты белгісіз болып қалуы мүмкін.

Баланы ұрып тәрбиелеу және оның кесірі

Қазақстанда балаларға қатысты физикалық немесе эмоционалдық зорлық-зомбылық кең тараған, 15 жасқа дейінгі балалардың 52,7%-і үйде зорлық-зомбылықпен тәрбиелеуді көргген. Балалардың 66,2%-і мектепте зорлық-зомбылық пен кемсітушілікке ұшыраған. Интернаттағы балалар да зорлық-зомбылық пен қорлаудың жоғары қаупіне тап болады.

Жаһандық зерттеулердің нәтижесі бойынша зорлық-зомбылық балалардың физикалық және психикалық денсаулығына тікелей әсер етеді, сонымен қатар балаларға өмір бойы кесірін тигізеді. Осылайша, зорлық-зомбылыққа ұшыраған балалардың мектепке бару немесе жақсы оқуға шамасы азаяды, бұл олардың мүмкіндіктерін шектейді. Ересек шақта басқа адамдармен қарым-қатынасқа түсуі де қиынға соғады.

Қазақстандағы жағдай

Қазақстанда салалық министрліктер, ұлттық құқық қорғау мекемелері мен азаматтық қоғам ұйымдары балаларды зорлық-зомбылықтан қорғауға көңіл бөліп отыр. Алайда жұмсалған күш-жігер мен саладағы прогреске қарамастан, проблема әлі күнге дейін өзекті болып отыр.

Балаларға қатысты зорлық-зомбылық көбінесе әлеуметтік тұрғыдан қалыпты саналады. Ересектердің 46%-і әлі күнге дейін баланы тәртіпке келтіру үшін дене жазасын қолдануды қажет деп есептейді.

Жыныстық зорлық-зомбылық құрбандарына қатысты айыптау да жұртшылық арасында да жиі тараған (58,9%). Зерттеулердің көрсетуінше, көпшілік балаларға жыныстық зорлық-зомбылық жасағандарды жазаға тарту бойынша қолдау жасамайды.

ЮНИСЕФ не істеп жатыр?

ЮНИСЕФ Қазақстанда балалар үшін қорғау ортасын құру үшін үкіметпен және азаматтық қоғам ұйымдарымен тығыз ынтымақтастықта жұмыс істейді. Біз балаларға қатысты зорлық-зомбылықтың салдары туралы хабардар болуға, сонымен бірге қылмыстың алдын алуға назар аударамыз. Осы жылы ЮНИСЕФ ҚР президенті жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссиямен және ақпарат және қоғамдық даму министрлігімен бірлесіп, теледидардан қазақстандық ата-аналар зорлық-зомбылықсыз қолайлы ортада балаларды тәрбиелеу бойынша тәжірибелерін және практикалық кеңестерін бөліскен шағын фильмдер сериясын көрсетті. Біз балаларды позитив тәрбиелеуге арналған арнайы веб-парақшаны іске қостық және балалармен және олардың отбасыларымен тікелей жұмыс істейтін басқа да мамандар арасында бала тәрбиесіне қатысты брошюраларды тараттық.

Артур ван Дизен
Артур ван Дизен. Фото: ЮНИСЕФ Қазақстан

Сонымен бірге біз салалық министрліктерге балалардың зорлық-зомбылығы мен қатыгездігінің алдын алу, анықтау және ден қою бойынша денсаулық сақтау және білім беру мамандарының іс-қимыл алгоритмдерін әзірлеу бойынша техникалық сараптама ұсындық. Бұл балаларды қорғау жүйесінің маңызды элементтері болып есептеледі және Қазақстанның мамандарға арналған осындай қадамдық нұсқаулықтарды әзірлегені оң қадам дер едік.

2022 жылы ҚР ішкі істер министрлігі сексуалдық зорлық-зомбылық құрбандарына қолдау көрсету бойынша маңызды пилоттық бағдарламаны — Сексуалдық зорлық-зомбылық құрбандарына арналған кешенді емдеу орталығы іске қосты. Бұл — министрліктің маңызды бастамасы.

Қазақстан үкіметі жыныстық зорлық-зомбылық туралы ұлттық заңнаманы жетілдіруді жалғастырып жатыр. Балаларға келсек, 16 жасқа толмаған адаммен жыныстық қатынасқа қатысты мәселе әлі де өзекті болып отыр және оған назар аударуымыз керек. Келісім жасына толмаған баламен барлық жыныстық қатынас зорлау деп саналуын қамтамасыз ету маңызды. Бұл халықаралық стандарттар мен ұсынымдарға сәйкес балаларды сексуалдық зорлық-зомбылықтан қорғау деңгейін одан әрі арттыру және жыныстық қылмыстардың құрбаны болған балалар үшін сот төрелігіне сапалы және қауіпсіз қол жеткізуді қамтамасыз ету үшін маңызды.

БАҚ сексуалдық зорлық-зомбылық жағдайларына ерекше назар аударады. Осыған орай зардап шеккен балалардың қайталама құрбан болуына және стигматизациясына жол бермеу үшін, баланың ең жоғарғы мүдделерін, оның жеке өмірін қорғау құқығын, сонымен бірге журналистикадағы этикалық стандарттарды әрдайым есте ұстағаны жөн.