Бұл туралы мемлекеттік биліктің тармақтары арасында өкілеттіктерді қайта бөлу мәселелері жөніндегі жұмыс тобының үшінші отырысынан кейін Қазақ гуманитарлық заң университеті Азаматтық-құқықтық зерттеулер ғылыми-зерттеу институтының директоры Төлеш Қаудыров айтты
«Конституциялық реформаның өзі қоғам арасында зор сілкініс тудырды. Комиссия өз ұсынысын жіберген азаматтардың барлығына ризашылығын білдіреді. Реформа басқа да жолмен жүргізіліп жатқандығын есте ұстау маңызды.
Бұл тек қана конституциялық өзгерістер ғана емес. Біз 45-тен 39 өкілеттікті үкімет пен парламентке беретіндігін санап шықтық. Өз еркімен 39 өкілеттікті еш қиындықсыз атқарушы билікке бере салу әлемдік оқиға екендігін атап өткім келеді. Жұмыс жүріп жатыр, заң жобасы әзірленуде. Ол айдың соңына дейін парламентке енгізілуі тиіс», – деді Қаудыров.
Оның айтуынша, ел азаматтарынан келіп түскен ұсыныстар сан алуан.
«Тұңғыш президент Нұрсұлтан Назарбаевтың рөлін Конституция мәтінінде бекіту туралы да ұсыныс болды. Тіпті, ол өкілеттіктерінің басым көпшілігін беріп отырған жоқ па деген алаңдаушылық та болды. Ұсыныстар сайлаудан бастап биліктің жоғары тармақтары өкілеттіктеріне дейінгі біздің қоғамдық-саяси өміріміздің сан алуан бөліктерін қамтиды», – деді ол.
Оның сөзіне қарағанда, заң жобасына қатысты шешім әлі қабылданған жоқ.
«Ол әзірлеу және талқылау сатысында тұр. Бұл заң жобасын жақсарта түсетін барынша құнды ұсыныстар міндетті түрде ескеріледі», – деді Төлеш Қаудыров.
Айта кетейік, бұған дейін саяси реформалар жөніндегі жұмыс тобына 500-ден астам ұсыныс түскенін хабарлаған болатынбыз.