Қытай Ақжарқын Тұрлыбайды Қазақстанға экстрадициялаудан бас тартты

Қытай Ақжарқын Тұрлыбайды Қазақстанға экстрадициялаудан бас тартты. Бұл туралы Қазақстанның бас прокуратурасы хабарлады.

2020 жылдың 19 қазанында бас прокуратураға сотты болған Ақжарқын Тұрлыбайдың өзін Қазақстанға ауыстыру туралы жазбаша өтінімі түскен болатын. Сол күні-ақ Қытай тарабына тиісті сауал жолданды. ҚХР әділет министрлігінің 2021 жылғы 3 наурыздағы жауабына сәйкес, Ақжарқын Тұрлыбайды Қазақстанға ауыстырудан бас тартылған. Оның шартты түрде мерзімінен бұрын босату құқығынсыз өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасына кесілгенін ескеріп, осындай шешім қабылданғаны айтылған, — деп жазылған бас прокуратураның мәліметінде.

Бас прокуратура қазақстандық тарап Ақжарқын Тұрлыбайды Қазақстанға ауыстыруға үмітін үзбейтінін, егер Қытай соты сотталушының жазасын қысқартып, жазаны өтеудің нақты уақытын тағайындаса, бәрі мүмкін екенін айтты.

ҚХР-дағы ҚР елшілігі қолданыстағы заңға сәйкес, Ақжарқын Тұрлыбайдың жаза мерзімін қысқарту үкім заңды күшіне енген сәттен 2-3 жыл өткеннен кейін мүмкін болатынын айтты. Бұл мәселе тұрақты бақылауда, оған қатысты жаза жеңілдесе не жазаның нақты мерзімі айтылса бас прокуратура оны Қазақстанға ауыстыру туралы қайтадан сұрау салуға бастамашылық жасайды, — делінген хабарламада.

Telegram арнамызға жазылыңыз

Күннің маңызды және өзекті жаңалықтарын телеграм каналынан оқыңыз