Қаңтар оқиғасы Қазақстанды дүр сілкіндірді. Бұған дейін атап өткенімдей, ұйымдастырылған тәртіпсіздіктер мен Қазақстанға қарсы шабуылдың мақсаты елдің астаң-кестеңін шығарып, мемлекеттің тұтастығын бұзу болды. Бұл трагедия бәріміз үшін сабақ болды. Осы бүлік пен адам өлтірудің артында кім тұрғанын анықтау керек. Тергеу бұл сұраққа жауап беретініне сенімдімін, — деді Назарбаев.
Оның айтуынша, құқық қорғау органдары елде дайындалып жатқан тәртіпсіздіктерден неге бейхабар болғанын анықтау қажет.
Назарбаев қаңтар оқиғасы кезінде ел арасында тараған түрлі қауесетке неге жауап бермегенін айтты.
Дәл сол сәтте мен үшін түрлі сыбыстарға жауап беру емес, президентке қолдау көрсету маңызды болды. Мен оған қауіпсіздік кеңесі төрағасының өкілетін тапсырдым. Президенттің батыл әрекетінің арқасында жағдайдың одан әрі ушығуына жол берілген жоқ, — деді Нұрсұлтан Назарбаев.