Қазақстандықтар зейнетақы қорына жыл басынан 523 миллиард теңге аударды

2022 жылдың төрт айында салымшылардың шоттарына шамамен 523,5 миллиард теңге көлемінде зейнетақы жарналары түсті. Бұл 2021 жылдың сәйкес кезеңіндегі көрсеткіштен 27% немесе 110,7 миллиард теңгеге көп. Өсім жарналардың барлық түрі бойынша болғанын атап өту керек, — делінген хабарламада.

1 мамырдағы жағдай бойынша, БЖЗҚ салымшыларының шоттарында 13,0 триллион теңгеге жуық зейнетақы жинағы сақтаулы.

Салымшылардың жарналарынан бөлек, зейнетақы жинақтары таза инвестициялық табыстың арқасында артқан. 2022 жылдың 1 қаңтары мен 1 мамыры аралығында бұл көрсеткіш 128,7 миллиард теңге болды. 2022 жылдың 1 мамырына қарай, БЖЗҚ-дағы жеке зейнетақы шоттарының саны 11,7 миллионға жетті. Шоттардың ең көп үлесі міндетті зейнетақы жарналары (МЗЖ) есебінен ашылды – 10 870 075.

Жыл басынан бері БЖЗҚ өз салымшыларына 921,4 миллиард теңге төледі, оның басым бөлігін тұрғын үй жағдайын жақсарту және емдеу мақсаттарына арналған біржолғы зейнетақы төлемдері (БЗТ) құрайды – 831,7 миллиард теңге. Жасына байланысты төлемдер – 37,0 миллиард теңге, мұрагерлік бойынша төлемдер – 23,4 миллиард теңге, ҚР шегінен тыс ТТЖ кетуге байланысты төлемдер – 16,9 миллиард теңге, сақтандыру ұйымдарына аударымдар шамамен 9,7 миллиард теңге, жерлеуге арналған төлемдер – 1,9 миллиард теңге және мүгедектік бойынша төлемдер – 0,8 миллиард теңге,- делінген хабарламада.