Маймыл шешек вирусының Қазақстанға келу қаупі жоғары. Өйткені біздің туристер Сауд Арабиясына, Түркияға немесе Африка мен өзге де елдерге жиі барады. Сондықтан жаман айтпай жақсы жоқ. Қауіпті вирус келе қалған жағдайда біз дайын болу керекпіз, — деді биологиялық қауіпсіздік мәселелері ҒЗИ аса қауіпті инфекциялар зертханасының меңгерушісі Леспек Құтымбетов.
Клиникалық көрінісі бойынша маймыл шешек ерекше қауіпті табиғи шешекке өте ұқсас. Вирусты жұқтыру үшін науқас адаммен 4 сағат байланыста болу жеткілікті.
Леспек Құтымбетовтың айтуынша, бұл вирус ел тұрғындарына айтарлықтай зиян келтіруі мүмкін. Сондықтан ерте ме, кеш пе вакцина қажет болады.
Біздің институт шешек вирустарымен көп жылдардан бері айналысады. Сондықтан тәжірибе жеткілікті. Мәселен, сиыр шешек және маймыл шешек бір топ десек, олардың арасында иммундық антигендік байланыс бар. Сондықтан бір вирус басқа вирусқа қарсы иммунитетті оңай құра алады. Мысалы, сиыр вирусының шешек ауруына қарсы иммунитетті құрудағы белсенділігі өте жоғары, — деп толықтырды маман.