Қазақстан президентінің Қырғызстанға жасаған ресми сапарының бағдарламасы Қасым-Жомарт Тоқаев пен Садыр Жапаровтың Бішкекте әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университеті филиалының ашылу рәсіміне қатысуымен аяқталды.
Ақорданың хабарына қарағанда, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ректоры Жансейіт Түймебаев екі мемлекеттің басшыларына университет аудиторияларын көрсете жүріп, оқу ордасының білім беру және ғылыми жобалары, соның ішінде қырғыз студенттері үшін грант бөлу жоспары туралы айтты.
Университетті аралап көру барысында президенттер жоғары оқу орнының оқытушы-профессорлар құрамымен және қазақ ұлттық университетінің қырғызстандық түлектерімен әңгімелесті.
Қасым-Жомарт Тоқаев «Құрметті қонақтар кітабына» қолтаңбасын қалдырды.