Жасұлан коронавирус пандемиясы мен қаңтар оқиғасы кезінде Қазақстан азаматтарының психолог көмегіне мұқтаж екеніне көз жеткізген. Ол сол себепті адамдарға білікті психолог маманды тегін әрі тез табуға көмектескісі келеді.
Отбасындағы проблемалар, тұрмыстағы зорлық-зомбылық статистикасына анализ жасап, қоғамға I’m ok сияқты жоба қажет екенін түсіндім. Негізі кез келген бизнес-жоба, стартап табыс табуды көздейді. Тұтынушы табыстың негізгі көзі болып есептеледі, бірақ жобаны коммерциялық емес, әлеуметтік бағытта дамыту үшін басқа бизнес-модель қолдандық. Осылайша, азаматтардан емес, қызметін ұсынатын психологтан продюсерлік қызметіміз үшін ақы аламыз, — дейді стартапер.
Жасұланның айтуына қарағанда, қазір отандық нарықта психолог көп. Әлеуметтік желіде жарнамасы «жер жаратындары» да бар, бірақ олардың қаншалықты тәжірибелі екенін ешкім тексермейді. Ал тәжірибесі мол мамандар өз қызметін жарнамалау үшін TikTok, Instagram желісін қолданбайды.
Қазір әлеуметтік желілерде психология тақырыбы би, тамақ, мемнен кейін көп қаралатын контентке жатады. Сондықтан әлеуметтік желі арқылы байланыс орнату тиімді. Әдетте нақты көмектесе алатын психолог маманды табу қиынға соғады. Оны тапқанға дейін адам көп қаржы мен уақыт жұмсауы мүмкін. I’m ok жобасының мақсаты – адамға қажет психолог маманды оңай әрі тегін табуға көмектесу. Мұнда азаматтар психологтар дайындаған тегін видеолар мен кеңестерді көре алады, жеке консультация керек болса, оның бағасын әрі қарай өздері келіседі, — дейді Жасұлан.
I’m ok жобасының қазіргі қолданыстағы басты өнімі — Telegram-бот. Бот психолог ұсынатын қызмет түрлерін пакеттеуіне, жұмыс режимін реттеуіне, күнтізбе бойынша график қоюна, видеоконтент дайындауына және копирайтингпен айналысуына көмектеседі.
I’m ok бот-ассистентінің релизі биылғы 28 наурызда өтті. Бір ай ішінде ІТ-мамандар жобаның кодын жазып, платформаны құрастырып, тестілеу жасаған.
1 мамырдан бастап бот ресми іске қосылғанан кейін психолог мамандарды жобаға тарта бастаған. Жасұланның сөзінше, екі аптаның ішінде I’m ok community-ге 7 психолог маман мүше болған.
І’m ok community құрамындағы мамандардан жақсы пікір естіп жатырмыз. Психолог мамандардың сеансына жазылған клиенттер I’m ok арқылы келгенін айтады екен. Біз клиенттерді Instagram және TikTok арқылы тауып, психолог маманға бағыттаймыз, — дейді ол.
Telegram-боттың жұмыс істеу алгоритмі былай: бот мамандарға тікелей сілтеме жасайды. Психологтар кейін таргетте, жарнамада осы сілтемені қолдана алады. Instagram парақшасында taplink орнына да осы әмбебап сілтемені қоюға болады.
Психологтарды жеке сайты, азаматтардың ұсынысы, әлеуметтік желідегі парақшалары арқылы іздейміз. Оларды өз жобамызға тарту үшін арнайы диагностика жасаймыз. «Осы салада неше жылдан бері жұмыс істейді», «Қанша адам көмегіне жүгінген», «Нәтижесі қалай», «Қандай да бір курс, тренинг, квалификациядан өткен бе?» деген сұрақтарға жауап іздейміз. Адамдар нақты қандай мәселе бойынша көмегіне жүгінгенін де есепке аламыз. Негізі боттың көмегімен 20 мың психологты базаға енгізуге болады, бірақ бұл өте сезімтал мәселе болғандықтан әрбір маман мен тұтынушыға жауапкершілікпен қарауға тырысамыз, — дейді I’m ok community авторы.
Қазір командада 21 адам жұмыс істейді. Оның төртеуі құрылтайшы, қалғаны түрлі қызметте.
Жоба авторларының ендігі мақсаты — отандық нарықтағы үздік 30 психологты іріктеп, I’m ok жобасына енгізу.
Жоба іске қосылғаннан кейін қызығушылық танытып, өзінің қызметін ұсынған мамандар да, инвестиция құюға ұсыныс білдірген кәсіпкерлер де көп болыпты, бірақ Жасұлан мен оның командасы сыртқы инвестор мен қаржының көмегінсіз де қоғамға пайдалы іспен айналысуға болатынын дәлелдегісі келеді.
Дәл қазіргі кезең — команда үшін жауапты уақыт. Сондықтан неғұрлым көп психолог табуға емес, білікті мамандармен байланыс орнатып, іріктеуге назар аударамыз. Бізге түрлі курсты бітірген немесе әлі магистратурада оқитындар қосымша табыс табу үшін хабарласады, бірақ біз мұндай ұсыныстарға бірден «жоқ» дейміз. Біз адамдардың сапалы психологиялық көмек алуына көмектесеміз деп, керісінше олардың пайдасыз контент пен маманға тап болуынан қорқамыз. Сондықтан ісімізге үлкен жауапкершілікпен қараймыз. Біз ешқайда асықпаймыз. Сапалы қызмет ұсыну үшін жұмыс істейміз,- дейді құрылтайшы.
Жасұлан Тасболатов — Astana Hub технопаркіндегі Techpreneurs бағдарламасының түлегі және Назарбаев зияткерлік мектебінің оқушыларына арналған Teenpreneurs акселерация бағдарламасының трекері. Ол екі жыл ішінде өзін ІТ-дің түрлі саласында байқап көргенін, соңында осындай жеке жобасын жасауға бел буған.
Қазір I’m ok жобасы қоғамдағы мәселенің бәрін шеше алмайды, бірақ тегін психологиялық көмектің кішкентай бір бөлшегі болғанын қалаймыз. Біздің мақсатымыз — әлемнің психикалық-ментал денсаулығын жақсарту үшін технологиялық шешімдер әзірлеу. Ментал денсаулығы сау адам ғана дұрыс шешім қабылдап, айналасындағылармен байланыс орнатып, өмірдің кез келген саласында жетістікке жете алады. Қазір әр психологтың бағыты бойынша ақпараттық видеолар түсіріп жатырмыз. Бірнеше видеоматериалымыз дайын. Видеода мамандар өмірде жиі кездесетін ситуациялар бойынша кеңес береді. Қазір адамдар ұзақ әрі түсініксіз ақпаратты қабылдамайды деп, материалдардың хронометражын шамамен 15 секунд пен 1 минут арасында болуы керек деп белгілеп алдық, — дейді жоба авторы.
Жарияланған видеоны 1 сағаттың ішінде шамамен 30 мың қолданушы көреді екен. Олардың шамамен 10%-і, яғни 3 000 қолданушы психологтың жеке парақшасына өтеді. Мұның өзі психологтың танылуына, оның қызметін тұтынушы табуына көмектеседі. І’m ok community осы әдіспен әуелі қазақстандық нарықты бағындырып, кейін ТМД, содан соң әлемдік нарыққа шығуды жоспарлап отыр.
Дүниежүзінің кез келген бұрышындағы адам біздің психологтар клубымен кедергісіз байланысқа шыққанын қалаймыз. І’m ok community жобасының ендігі мақсаты — networking жасау. Біздің мамандар өзара хабарласып, байланыста болатындай, семинар, мастер-кластар өткізіп, шетелдік тәжірибелі мамандармен тәжірибе алмасуына жағдай жасаймыз. Бізде қазірдің өзінде дүниежүзіндегі танымал психолог, эксперттердің базасы бар, — дейді Жасұлан.