Мемлекеттік басым бағыттардың бірі – тұрғындардың баспана мәселесін шешу. Қазіргі уақытта 608 мыңнан астам қазақстандық баспанаға мұқтаж. Оның ішінде 242 мың адам әлеуметтік осал топ санатына жатады, 85 мыңнан астам көпбалалы отбасы және 217 мыңнан астам бюджет саласы қызметкерлері бар. Сонымен қатар ата-ана қамқорлығынан айырылған 60 мыңнан астам жан тұрғын үй кезегінде тұр, — деді Әзімбек Нәлібаев орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында.
Оның айтуынша, аталған азаматтарды тұрғын үймен қамту мәселесі «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында жүзеге асып жатыр.
Өңір әкімдіктері сатып алу құқығынсыз жалға берілетін баспаналар салып жатыр. Сол секілді кредиттік тұрғын үйлер бар. Одан бөлек, биыл 18 сәуірден бастап жекелеген санаттарға жататын азаматтардан «Отбасы банк» АҚ арқылы жалға берілетін тұрғын үй ақысын төлеуге субсидия алуға өтініш қабылданып жатыр. Мемлекеттен субсидия алуға көпбалалы отбасылар, 1, 2-топтағы мүгедек жандар, жетім балалар және мүгедек бала тәрбиелеп отырған отбасылар құжат тапсыра алады, — деді Әзімбек Нәлібаев.