Көші-қон қызметі қазақстандық төлқұжаттағы чипке қатысты түсінік берді. Оған Instagram желісінде тараған видео себеп болды. Бейнежазбада паспорттағы чиптің азаматтардың жүріс-тұрысын қадағалауға арналғаны айтылады,- деді ішкі істер министрлігінің өкілі Шұғыла Тұрлыбек аталған ведомствода өткен баспасөз мәслихатында.
Оның айтуынша, электрон төлқұжат әлемнің көптеген елдерінде енгізілген. Қазақстанда төлқұжаттар мен микросхемасы бар жеке куәліктер 2009 жылдан бастап шығарылады.
Ондағы чип азамат туралы жеке деректерді сақтауға арналған және жеке тұлғаны анықтауға мүмкіндік береді. Чипі бар төлқұжат Қазақстан азаматтарының электрон жүйелері арқылы шекара бекетінен өтуін және паспорт-визалық бақылауды жеңілдету үшін енгізілген, — деді Шұғыла Тұрлыбек.
Ол төлқұжаттағы чип азамат шекарадан өткен кезде ғана арнайы құрылғының көмегімен тексерілетінін айтты.