Бүгінгі еңбек нарығында қандай трендтер бар? 2025 жылға қарай қандай кәсіп өзекті болады? IT-саласындағы әйелдердің ролі қандай, олар қандай артықшылыққа ие? Бұл сұрақтардың жауабын цифрлық экономиканы дамыту орталығының бас директоры Бикеш Құрманғалиева мен Ғұмарбек Дәукеев атындағы Алматы энергетика және байланыс университетінің ректоры Сәуле Сағынтаева айтты.

Бикеш Құрманғалиева, цифрлық экономиканы дамыту орталығының бас директоры: Қай маман иесі болсаңыз да, IT негіздерін білуіңіз керек

Бикеш Құрманғалиева
Бикеш Құрманғалиева. Фото: Weproject.media

2020 жылы қазанда өткен Бүкіләлемдік экономикалық форумда болашақтың мамандықтары туралы зерттеу жарияланды. Онда технологияның дамуы әсерінен 2025 жылға дейін миллиондаған жұмыс орны жабылатыны және 97 жаңа мамандық түрі пайда болатыны айтылған. Біз бағытымызды анықтап, өзекті мамандықты игеріп алуға асығуымыз қажет.

Коронавирус пандемиясы кеңседе отырудың ғана өнімді жұмыс істеу кепілі емес екенін дәлелдеді. Карантиннен кейін жұмыс орындарының 30%-і қызметкерлерін кеңсеге қайта шақырмаған. Бұл қашықтан жұмыс істей беруге болатынын білдіреді. Сонымен бірге қазіргі еңбек нарығындағы қандай трендерді байқап жүрміз?

  • Дәстүрлі салалар мен цифрлану тоғысқан мамандықтар (медицина, білім, өндіріс, қызмет, сауда);
  • Кез келген салада деректерді талдауға жоғары сұраныс туады;
  • Еңбек нарығының жаһандануы (трансұлттық компаниялардың көбеюі);
  • Басымдық экологияға беріледі;
  • Креативті талап ететін мамандықтар түрленеді.

Қазірдің өзінде жойылып бара жатқан мамандықтар бар. Ал кейбірі трансформацияға ұшырады. Байқасаңыз, IT саласымен тоғысқан саланың бәріне болашақта сұраныс артады. Демек, қай маман иесі болсаңыз да, кем дегенде IT негіздерін білуге міндетті боласыз. Нарық талабы сондай. Сонда ғана сұранысқа ие, жалақысы жоғары маман болуға мүмкіндік ашылады.

2025 жылға қарай өзекті болатын кәсіптер:

  • Жаңа медицина (биоинженер, герон-кеңесші, киберпротез әзірлеушісі, жасуша биологы, биоэтик, телехирург);
  • Электрон сауда (сатуды дербестендіру, смарт-логистика);
  • Big-data (дата-офицерлер, дата-инженерлер, дата-аналитик, дата-стьюард);
  • Креатив мамандықтар (дизайн, контент генерациясы, өнер);
  • Робот техникасы (инженер, механик);
  • IoT;
  • IT-мамандықтар (аналитик, архитекторлар, әзірлеушілер, system administrator);
  • Цифрлық маркетинг және тағы басқа.
IT, Techno women
Фото: Бақдәулет Әбдуалы

Сәуле Сағынтаева, Алматы энергетика және байланыс университетінің ректоры: Қыздардың күрделі технологиялар саласында жұмыс істеуге мүмкіндігі мен білімі жетеді

Сәуле Сағынтаева
Сәуле Сағынтаева. Фото: Bilimdinews

Жаңа жұмыс орындарының 60%-ке жуығы жаңа дағдыларды, білімді талап етеді, бірақ ондай білімге халықтың тек 20%-і ие. Бұл білім беру жүйесіне өзгерістер керек екенін білдіреді.

Қазір бизнесте жаңа таланттарды табуға көп күш салады. Білікті мамандарды іс-шаралардан, бизнес жобалар байқауынан, хакатондардан іздейтіндері бар. Сондықтан бәріңізге осындай іс-шараларға жиі барып тұруға кеңес беремін. Біріншіден, мұндай шаралар қабілеттерді шыңдауға көмектеседі. Екіншіден, нағыз мықтылармен күш сынасуға мүмкіндік береді. Үшіншісі – нетворкинг. Қызметкерінің кәсіби дамуын, салада өсуін ойлайтын жұмыс берушілер де сол жерден табылады.

Ал IT саласына қыздарды көбірек тартуға келсек, бұл мәселе емес. Себебі кейін жүргізілген сауалнама нәтижесі бойынша 14-34 жас арасындағы жастар мінез-құлық пен өмір сүру салтын жынысқа байланысты емес деп есептейді. Шындығында жұмыс берушілердің көбі қызметкерінің жынысына емес, ең бірінші кезекте қарым-қабілетіне, білім-білігіне баса назар аударады. IT саласында да жұмысқа қабылдау кезінде hard және soft skills маңызды роль атқарады.

IT саласында гендерлік стериотиптерді бұзған әйелдер көп. Мысалы, Америкадағы Yahoo! компаниясының президенті әрі атқарушы директоры болған Марисса Майер. Ол – компаниясында ғана емес, сол саладағы ықпалды әйелдердің бірі.

Біз қазір цифрлық дәуірде өмір сүріп жатырмыз. Бізді айнала smart-құрылғылар қоршап алған. Ол адамзатты жан-жақты өмір сүруге міндеттейді. Ал әйелдер бір сәтте бірнеше жұмысты істеуге бейім, бір күйден екінші күйге тез ауысады әрі стреске төзімді. Олар осы артықшылығын пайдалануы керек.

Осы кезде өзгелерге студентіміз Еңлік Милатованы үлгі еткім келеді. Ол ғарыш инженериясы мамандығының 2-курс студенті. Көпшілік бұл мамандықта қыздар оқи алмайды деп ойлауы мүмкін, бірақ Еңлік мұндай стереотипке қарсы шықты. Оған қоса, ол командасымен қоқыс жинайтын автоматтандырылған робот жасап шығарды. Бұл жобасымен республикалық хакатонда жүлделі орын алады. Space system жобасымен бизнес-идеялар байқауына қатысып, жеңімпаз атанды. Робот техникасы бойынша республикалық чемпионатқа қатысып, Байқоңыр ғарыш айлағына жолдама жеңіп алды.

Қазір онлайн білім беру нарығы қарыштап дамып жатыр. 2016 жылы бұл нарықтың қаржы айналымы 16 миллиард доллар болса, қазір 250-260 миллиард долларға жетті. Мұнда да әйелдерге жақсы нәтиже көрсетіп, қомақты қаржы табуға мүмкіндік бар.

Өзім де жоғары оқу орнында жүргесін байқаймын, қазір техникалық мамандықтардағы қыздардың үлесі көбейіп келеді. Ғұмарбек Дәукеев атындағы Алматы энергетика және байланыс университетіндегі бакалавриат студенттерінің 30%-і қыздар. Ал IT мамандығындағы қыздардың үлесі — 25%, магистратурада оқитын қыздардың үлесі – 40%, ал докторантурада 50%.

Қыздардың барлық салада білім алуға, жұмыс істеуге мүмкіндігі бар. Олардың ғылымда да, күрделі технологиялар саласында да, ғарышта да жұмыс істеуге мүмкіндігі мен білімі толық жетеді.