Сенат: Университет бітірген түлектерге еңбек нарығында сұраныс жоқ

Жоғары білімнің деңгейі мен оған деген сұранысқа қатысты мәселелер де аз емес. 2021 жылы қазақстандық жоғары оқу орындарын бітірген түлектердің үштен бірі еңбек нарығында сұранысқа ие болмаған. Соған қарамастан, экономиканың бірқатар саласында техникалық мамандар мен білікті жұмысшылар жетіспей жатыр, — деді Мәулен Әшімбаев сенаттағы «Жаңа Қазақстан: жастар және жаңғыру» тақырыбындағы парламенттік тыңдау кезінде.

Оның айтуынша, жастардың тағы бір басты мәселесі – жұмыссыздық болып отыр. Жастар арасындағы жұмыссыздықтың ресми деңгейі салыстырмалы түрде төмен, бірақ тәуелсіз ұйымдардың балама зерттеулері басқа мәліметтерді көрсетеді.

Тәуелсіз ұйымдардың сауалнамаларына сәйкес, 25-29 жас аралығындағы топта респонденттердің шамамен 12%-і әлі тұрақты жұмыс істемеген. Жоғары білім туралы дипломы бар қазақстандық жастардың 40% астамы мамандығы бойынша жұмыс істемейді. Осыған байланысты жұмыс орындарын құруға және жастар практикасына бағытталатын бюджет қаражатын пайдаланудың тиімділігіне қатысты мәселелер туындайды, — деді Мәулен Әшімбаев.