Басты бетЖаңалықтарТаза алтынды...

Таза алтынды жасандысынан қалай ажыратуға болады?

«Ұлттық сараптама және сертификаттау орталығы» АҚ бағалы металдармен жұмысты үлестіру бөлімінің бастығы Ербол Сейсенбаев ҚазАқпаратқа берген сұхбатында ең бірінші кезекте тауардың сертификатталғандығы туралы таңбаның болуына назар салуға кеңес береді. Егер мұндай таңба бар болса, онда ол тауар қажетті тексеруден өткен. Мысалы, бұйымда 585 сынамасы тұрса, онда бұл аталған бұйымның 58,5 пайызы таза алтын, ал қалғанының барлығы қоспа екендігін білдіреді.

Бірақ, сарапшы сынаманы қолдан басып қоятындар да көп екенін айтады.

«Кез келген сатып алушы үлкейткіш әйнек сұрап алып, таңбасын қарай алады. Біздің таңбамыз латын әріптерімен kz деп белгіленіп, сынамасы санмен айқын көрініп тұруы тиіс. Мұнан бөлек, өкілетті органды білдіретін алты қырлы белгі мен барыстың бейнесі болуы қажет», — дейді ол.

Егер тауар ЕАЭО-ға кірмейтін елдерден әкелінетін болса, онда  кеденде мемлекеттік инспектор беретін мемлекеттік акті болуы керек.

«Бұл тауар бізде тексеріліп, қорытынды беріледі. Оған дейін сатылымға шығарылмайды. Кәсіпкер мемлекеттік акті алғаннан кейін кеден қызметіне барып, баж салығын төлейді. Содан кейін ғана тауар сатылымға шығарылады. Егер сатушыда не мемлекеттік акті, не салық төлегендігін дәлелдейтін құжат болмаса, онда тауар заңсыз әкелінген деген сөз», — деді Ербол Сейсенбаев.

Сонымен қатар сарапшы бағалы тастар (бриллиант, рубин) да табиғи және жасанды болатындығын атап өтті. Егер тас жасанды болса, жаңа заңға сәйкес, биркада көрсетілуі тиіс.