Zapis.kz — сұлулық салоны, барбершоп, косметология, фотостудия, денсаулық сақтау мекемелері, көлік жуу автосервисі сияқты түрлі қызмет көрсету түрлерін автоматтандыруға мүмкіндік беретін бағдарлама.

Оның негізін қалаушылар — Бексұлтан Сәдіров пен Санжар Оразбаев. Бексұлтан Назарбаев университетінің 4-курсында оқып жүргенінде кішігірім жоба ретінде сұлулық салонына жазылу процесін цифрландыруға болатын бағдарлама дайындайды. Кейін оның бұл идеясын Санжар мен Ербатыр қолдап, үлкен жобаға айналдыруды мақсат етеді.

2017 жылғы 2 ақпанда ресми түрде жүйені Zapis.kz деп атадық. Бұл жобаны бастауымыздың екі себебі болды. Біріншіден, ол уақытта халыққа қызмет көрсететін орынның көбі жұмыс процесін дәстүрлі түрде жүргізетін. Мысалы, құжаттарды қағаз күйінде сақтайды, клиенттерді журналға жазады, қоңырау арқылы тіркейді. Біз еліміздегі кәсіпорындар мен халық өмірін жеңілдететін, заман талабына сай цифрлық технологияның мүмкіндігін пайдаланғанын қаладық. Екіншіден, сол жылдары Қазақстанда ІТ саласы бойынша отандық бағдарлама аз болды. Азаматтар көбіне шетел, әсіресе, ресейлік бағдарламаларды қолданатын. Мұны байқаған соң отандық өнім жасауды, оны дамытуды ойладық, — дейді Ербатыр Тұрсын.

ІТ, Zapis.kz
Фото: Бақдәулет Әбдуалы

Zapis.kz бағдарламасы ешкімге хабарласпай-ақ, өз бетімен қызмет түрі туралы мәлімет алуға көмектеседі. Қолданушылар смартфонына қолданбаны жүктеп, мекенжай, комфорт, сапасы мен бағасы тиімді мекемені таңдауына болады.

Ербатырдың айтуына қарағанда, жүйе әр клиенттің қалауы мен талғамына мән береді. Тұтынушыға жеңіл болуы үшін оның қолданбаға енгізген деректері сақталып, келесі жолы бағдарлама сол критерийіне сәйкес топтамалар ұсынады.

Сервистің қолданбасы IOS және Android-қа да жүктеледі. Бүгінде қолданбамызды 70-80 мың адам смартфонына жүктеген. Бұл көрсеткіш жылдан жылға көбейіп жатыр. Сонымен бірге сервис қолданушылардың пікірі мен бағасын ескереді. Егер қолданушылардан бір бизнеске  кемінде үш негатив пікір, шағым келсе, ол кәсіпкермен жұмысты тоқтатамыз, — дейді жоба авторы.

ІТ, Zapis.kz
Фото: Бақдәулет Әбдуалы

Zapis.kz дегенді естігенде көбі тек қызмет түріне жазылуға арналған сілтеме немесе бағдарлама деп ойлауы мүмкін. Дегенмен олар бұл сервис кәсіпкерлер үшін де тиімді екенін айтады. Себебі Zapis.kz арқылы электрон журнал жүргізуге, тұтынушылар базасын құруға болады.

Кәсіпкер кімнің тұрақты тұтынушы екенін, кімнен қанша қаражат түсіп жатқан, қай клиентті жоғалтып алғанын бақылауына болады. Сонымен бірге қай қызмет түріне көп сұраныс бар екенін, қандай тауарлар тез таусылатынын және қажет екенін біліп отырады, яғни бизнес жұмысының барлық процесін бір жүйеден қарауына болады. Осылайша Zapis.kz бірнеше сағатты алатын жұмысты бес минутта көруге мүмкіндік береді, — дейді ол.

Кәсіпкерлер Zapis.kz қызметін қолдану үшін тариф сатып алуы керек.

Бүгінде біз 38 түрлі кәсіп түрімен серіктеспіз. Оның ішінде сұлулық салоны, медицина орталықтары, фотостудиялар, атпен серуендеу сияқты демалыс орындары, көлік жуу автосеристері бар. Оның көбі Алматы мен Нұр-Сұлтанда орналасқан. Біз  Оларға  хабарласып,  өз  қызметімізді  ұсынамыз.  Біздің  басқалардан  ерекшелігіміз  —  жұмысымыздың  нақты нәтижесіне  қарай ғана  ақымызды аламыз, — дейді Ербатыр Тұрсын.

Компанияның табысы шағын және орта бизнеске тікелей тәуелді.

Әрине, компаниямызда қиын кездер болды. Әсіресе, пандемияда біз автоматтандырған кәсіптің бәрі жұмысын тоқтатты. Сол уақытта бастапқы күнкөріс ресурсымыздан айырылып қалдық, салдарынан 6-7 ай қаржы жағынан шығынға баттық, бірақ қазір ол кезеңнен де өтіп, компаниямыз тұрақты айналымға шықты, — дейді Zapis.kz директоры.

ІТ, Zapis.kz
Фото: Бақдәулет Әбдуалы
ІТ, Zapis.kz
Фото: Бақдәулет Әбдуалы

Бағдарлама әзірше тек орыс тілінде жұмыс істеп тұр. Компания кей кәсіпкердің сұранысы бойынша сервисті қазақшалауды қолға алған, бірақ пандемия кезінде бұл бастама тоқтап қалған.

Жобаны алғаш бастағанда көбіне сән салондарымен байланыс орнаттық. Ал бұл саладағы терминдерді кәсіпкерлер де, басқа азаматтар да орысша қолданатын, сол себепті бағдарлама толықтай сол тілде жасалды. Дегенмен қазақ тілін дамытуымыз керек екенін жақсы түсінеміз, сол себепті күзде бағдарламаға қазақ тілін енгіземіз деген ниеттеміз, — дейді ол.

Қолданбада қазақ тілімен бірге тағы бірнеше шет тілі болады. Себебі бұл отандық өнімді басқа елдерге ұсынуға мүмкіндік береді.

Қазір Қазақстан қалаларынан басқа Бішкек, Ташкент те біздің сервис қызметіне жүгінеді. Енді ағылшын және басқа шет тілін қосып, ТМД және Шығыс Азия елдеріне қолданбамызды ұсынғымыз келеді, — дейді ол.

ІТ, Zapis.kz
Фото: Бақдәулет Әбдуалы