Әнші топтан кету туралы бұрыннан жоспарлап келгендігін жеткізді.
«Төрт ай бойы біз сөйлестік, талқыладық. Кетемін дегенімде, бара бер, өзің әбден ойланып жауабын айтарсың деген болатын. Бір айдай уақыт арамызда байланыс мүлдем үзілді. Бір-бірімізді іздеген де жоқпыз. Содан-ақ белгілі ғой. Бірақ кейін топтың продюсері Бауыржан Есебаев, ол кісіге Алла разы болсын, бар жағдайды біліп, топтың жұмысын қайта тірілткендей болып еді», — дейді әнші.
Жігер Ауыпбаевтың топтан кетуінің себебі бар екенін, алайда мұны жария еткісі келмейтінін айтқан.
«Топтан кетуімнің себебі бар. Ол — төртеуміздің арамыздағы әңгіме. Оны халыққа ашып айтудың қажеті жоқ деп ойлаймын. Себепсізден себепсіз кеткен жоқпын, себеп болды. Аллаға шүкір, осы уақытқа дейін арамызға ақша немесе басқа да нәрсе түсіп көрген емес. Бұл жолы осындай қиын жағдай боп қалды. Мүмкін бір-бірімізден шаршағандықтан да болар, мүмкін бір-бірімізді бағаламай да кеткен шығармыз, білмеймін. Жігіттермен арамызда түсініспеушілік нәрсе өте көп болды, бірақ, оның бәрі — арамыздағы нәрсе», — деді ол.
Алайда Жігер топтан кеткеніне өкінетінін және бұрынғы әріптестерімен өмірде байланыс үзгісі жоқ екенін айтып отыр. «Бұл жерде бүкіл шындықты көтеріп, бет жыртысып айқайласып кетуге де болар еді. Бірақ мен сыпайы, мәдениетті түрде қоштасқым келді. Мен Умраға барғанда бәрін кешірдім, бірақ топта ән айтпаймын деп шештім (…) Өмірде мені қабылдайтын болса араласа беремін. Мен бұл жайлы жігіттерге де талай айтқанмын», — деді әнші.
Еске сала кетейік, «Меломен» тобы 2007 жылы құрылған болатын. Сол уақыттан бері әнші жігіттер елдің сүйікті топтарының біріне айналды. «О махаббат», «Арман шағала», «Келеді кездескім» сияқты әндері хит шерулерде алғашқы орындарды иеленді.