Әсіресе, нәрестенің бойындағы туабітті ақаулар алаңдатады. Ал оған жол бермеу, ұрық жатыр ішінде жатқан кезде ақаудың алдын алу мүмкіндігі бар ма? Бақсақ, бар болып шықты. Тіпті, ондай көмекті ат терлетіп алыстан іздеудің де қажеті жоқ. Бүгінде неонаталды хирургия саласындағы отандық дәрігерлердің өзі осы олқылықпен күресуге қауқарлы.
Дәл осы мәселе жөнінде біз денсаулық сақтау министрлігің неонатал хирургия жөнінде штаттан тыс бас маманы Асылжан Ерекешовпен әңгімелескен едік. Тәжірибелі маман неонатал хирургияның Қазақстандағы қарқынды дамуы 2011 жылы «Саламатты Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасынан бастау алғанын айтып отыр.
Сол жылдары 280 балаға ота жасалса, өкінішке қарай, соның 90%-ке жуығы операцияға дейін немесе кейін шетінеп кетіп отырған еді. Біз мұны статистикалық мәліметтерге сүйеніп айтып отырмыз. Сөйтіп аталған бағдарламаның қолға алынуымен осы саланы дамытуға сол кездегі денсаулық сақтау министрі Салидат Қайырбекова үлкен үлес қосты. Нәрестелер хирургиясының алдында тұрған маңызды мәселе – дәрігерлер, кәсіби мамандар, мейірбикелер даярлау ісіне мемлекет тарапынан қомақты қаражат бөліне бастады. Еліміздегі 8 өңірде ірі ота жасайтын бөлімшелер, нәрестелер хирургиясына арналған төсектік орындар ашылды. Сол жылы ел аумағында осындай төсек орын саны небәрі 12-13 болған болса, бүгінде бұл көрсеткіш 85-ке дейін жетті. Ал нәрестелерге ота жасай алатын мамандар саны бас-аяғы 8-ақ адам еді. Қазіргі таңда арнайы даярлықтан өткен 32 маман бар, – деді А.Ерекешов.
Оның айтуынша, осы бағдарлама аясында операция жасау үшін қажет заманауи техникалар мен құрал-жабдықтар сатып алынды. Бұған қоса Ресейдің Санкт-Петербург қаласында өңірлердегі мультидисциплинарлық командалар даярлана бастады. Олардың арасында хирург, неонатолог, анестезиолог, реаниматолог және мейірбикелер болды.
Бүгінде аталған бағдарлама аясында еліміздің түкпір-түкпірінде 74 адам білім алды. Осы күні өңірлердегі балалар ауруханасында нәрестелерге ота жасайтын төсек орындар бар. Сонымен қатар елімізде екі арнайы бөлімше бар. Соның алғашқысы Нұр-Сұлтандағы №2 Көпсалалы аурухананың акушерлік блогында орналасқан жаңа туған нәрестелер хирургиясы бөлімшесі саналады. Аталған бөлімше 2012 жылы ашылған. Биыл ел игілігіне еңбек етіп келе жатқан бөлімшенің ірге қалағанына мерейлі 10 жыл толып отыр. Екіншісі Қызылорда облыстық балалар ауруханасында 5 төсектік орын нәрестелер хирургиясы бөлімшесі бар, – деді тәжірибелі хирург.
Бүгінде туабітті ақауларды ерте анықтау ісіне нәрестелер хирургиясының қосып жатқан үлесі ұшан-теңіз. Ел аумағында бүгінде 249 босану мекемелері бар. Ал жүкті әйелдер заңға сәйкес міндетті түрде үш рет скринингтен өтеді. Көп жағдайда ұрықтағы туабітті аурулар осы екінші скрининг кезінде (жүктіліктің 20-аптасында) анықталып жатады. Елімізде мұндай мүмкіндік бар. Осы жағдайды ескере отырып, «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде өңірлерде сараптамалық ультрадыбыстық зерттеу әдістеріне қажет мамандар даярланып, жаңа құрал-жабдықтар сатып алынды.
Нәрестелер хирургиясының басты міндеті ұрықтағы ақауларды жатыр ішінде анықтап, оған көмек көрсетуге бола ма, жоқ әлде болмай ма деген сұраққа нақты жауап қату саналады. Себебі кей жағдайда баланың болашақ өміріне қатер төндіретін ақаулар да кезігіп жатады. Жалпы, елімізде туабітті ақаулардың саны артты деп айтуға болмайды. Неге десеңіз, ақаулардың саны емес, өңірлерде оны анықтаудың сапасы артты. Осыдан 10 жыл бұрын туабітті ақаулар нәресте дүниеге келген соң барып анықталатын еді. Оған ота жасау, ем-дом жүргізу мәселесі де шақалақтың кіндігі кесілгеннен кейін қолға алынып жатты. Ал бүгінде ультрадыбыстық зерттеу әдістерінің, арнайы аппараттардың, мамандардың көмегімен ұрықтағы ақаулар жатырішінде анықтала бастады. Баланың болашақ өмірімен үйлеспейтін, емдеуге келмейтін жүректегі, орталық нерв жүйесіндегі ақаулар жүктіліктің 20-аптасына дейін анықталған жағдайда ата-анасының рұқсатымен ұрықты алып тастау мүмкіндігі бар. Сондықтан бүгінде нәрестелер хирургиясының дамуы осы саламен тікелей байланысты, – деді спикер.
Бүгінде ел аумағында жыл сайын 1 700-2 мыңға жуық жаңа туған нәрестеге ота жасалады. Өлім-жітім көрсеткіші осы күні 12-13%-ды құрайды. Өткен он жылдың ішінде осындай ауыз толтырып айтуға болатын көрсеткішке қол жеткізіп отырмыз. Биыл кейінгі 4 айда елімізде 94 мың баланың кіндігі кесілсе, соның 450-і туабітті ақаумен дүниеге келді. Дүние жүзінде жыл сайын 7 млн бала туабітті ақаумен туады.
Биыл осы жұмысты жақсарту, бір жүйеге келтіру мақсатында Қазақстандағы перинаталдық орталықтар базасында ұрық қорғау кабинеттері ашылып жатыр. Ұрық қорғау кабинеті дегеніміз не? Бұл қандай кабинет? Ол не үшін қажет? Мәселен, кейбір әйелдерде туабітті ақаулар тұқым қуалайды. Ондай әйел екінші рет жүкті болған жағдайда осы ұрық қорғау кабинеттерінде бақыланады. Аталған кабинетте құрсақтағы ұрықта ақаудың бар-жоғы анықталады. Сондай-ақ бұл кабинетте нәресте хирургиясынан бөлек неонатология саласы да назарға алынады. Бұл сала ең алдымен нәрестелер күтімі мәселесіне негізделген. Осы саланың мамандары ұрыққа тән ауруларды ерте анықтау, қажет болған жағдайда ем-дом жасау ісімен айналысады. Себебі болашақ баланың ұрық кезінде де ем-дом жасауға болады. Осындай бастамаларды негізге ала отырып, елімізде нақ осы салада жүйелі жұмыс істеліп жатыр деп айтуға болады, – деді А.Ерекешов.
Көршілес Ресейде неонатальды хирургия саласының дамып келе жатқанына 50 жылға жуық уақыт болды. Соның өзінде нәрестелердің өлім-жітім көрсеткіші 10-12%-дың айналасында. Сөздің шыны керек, отандық мамандар да осы көрсеткішке жақындап қалды.
Алайда бұл көрсеткішке бірден қол жеткізе салған жоқпыз. Ауқымды жұмыс атқарылды. Тек неонаталды хирургтердің ғана емес, білдей бір үлкен команданың арқасында биік белестерді бағындыра алдық. Ол команданың ішінде ультрадыбыстық зерттеу ісінің мамандары, неонаталды хирургтер, неонатолог дәрігерлер, анестезиолог-реаниматологтар, арнайы мейірбикелер бар, – деді Асылжан Ерекешов.
Қазақстанда дүниеге келген балалардың бойында анықталған туабітті ақаулардың арасында әртүрлі жүрек ақаулары көш бастап отыр. Сондықтан оны ерте анықтау ісі қашан да маңызды. Бұл ретте елімізде неонаталды кардиохирургиялық бригадалар бар. Мәселен, Нұр-Сұлтан қаласында осы жүрек ақауларын емдеумен айналысатын екі орталық жұмыс істейді. Соның бірі Кардиохирургиялық орталық болса, екіншісі Балалар кардиохирургиялық орталығы. Ал Алматы қаласында нәрестелерге кардиохирургиялық көмек көрсететін перинаталдық орталық қызмет етеді. Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығында да «Неонатология және нәрестелер хирургиясы бөлімі» бар. Ота жасайтын жаңа технологиялар дамып келе жатыр.