Желіде Балалар күніне орай жәрдемақы төленетіні туралы жалған ақпарат тарады

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз қызметі қазақстандықтарға 1 маусымнан бастап 18 жасқа дейінгі балалары бар отбасыларға біржолғы жәрдемақы қарастырылмағанын ескертті.

1 маусым — халықаралық балаларды қорғау күніне орай 18 жасқа дейінгі балалары бар отбасыларға Kaspi gold мобайл қосымшасындағы әлеуметтік шот арқылы біржолғы жәрдемақы төленетіні туралы мессенджерлер мен әлеуметтік желілерде таратылып жатқан ақпарат шындыққа жанаспайды, — деді министрлік баспасөз қызметінің өкілдері.

Қосымшада республикалық бюджеттен бала туғанда берілетін біржолғы жәрдемақыны ресімдеу бойынша мемлекеттік қызмет жүзеге асырылатыны атап өтілген. Бірінші, екінші, үшінші бала туғанда берілетін жәрдемақы мөлшері — 116 394 теңге (38 АЕК), төртінші және одан кейінгі балаға — 192 969 теңге (63 АЕК). 1 мамырдағы жағдай бойынша бұл жәрдемақыны 18,4 миллиард теңге сомасында 134,1 мың адам алған.

Сонымен қатар жоғарыда көрсетілген қосымша арқылы азаматтар республикалық бюджеттен жұмыс істемейтін әйелдер үшін бір жасқа дейінгі бала күтімі бойынша жәрдемақы ресімдей алады. Жәрдемақы мөлшері отбасындағы балалар санына байланысты сараланады. Биыл бірінші балаға ай сайын 17 643 теңге (5,76 АЕК), екінші балаға 20 860 теңге (6,81 АЕК), үшінші балаға 24 045 теңге (7,85 АЕК), төртінші және одан кейінгі балаға 27 261 теңге (8,90 АЕК) төленеді. 1 мамырдағы жағдай бойынша бұл жәрдемақыны орта есеппен 46,5 мың адам 4,7 миллиард теңге сомаға алды.

Азаматтардан жалған ақпараттарға назар аудармауды және ақпаратты тек ресми дереккөздерден пайдалануды сұраймыз, — делінген хабарламада.

Telegram арнамызға жазылыңыз

Күннің маңызды және өзекті жаңалықтарын телеграм каналынан оқыңыз