Жиынға барлық белсенді Алматы жастары және әртүрлі ұйымдардың төрағалары қатысты. Атап айтқанда, қала аудандарының жастар ресурстық орталық өкілдері, жастар саясатын дамыту мемлекеттік қоры ұйымының басшысы, «Қазақстан еріктілер лигасының» төрағасы, «Qamqor» қоғамдық қорының төрағасы, «Ассамблея жастар» ұйымының мүшелері, «G38» қозғалысының өкілдері және басқа да ұйымдардың атынан белсенді азаматтар қатысты.
Іс-шараға қатысушылар референдумға байланысты ойларын ортаға салып, оның маңызы мен мәнін талқылады. Ұйым басшылары жастар мен жалпы халық арасында референдум жайлы түсіндірме жұмыстарын жүргізудің өзектілігіне аса мән берді. Сонымен қатар қоғамдық ұйымдардың өкілдері өзара байланыс орнатып, біріге жұмыс істеудің маңызына да тоқталды.
Дөңгелек үстел басында пікір алмасқан соң, жас белсенділер ортақ пікірге келді.
Біз – Алматы жастарының, азаматтық қоғамның белсенді өкілдері – мемлекет басшысының Конституцияға ұсынылатын түзетулерді референдум аясында жалпыхалықтық дауыс беруге шығару туралы шешімін қолдаймыз. Біз барлық алматылықтарды белсенді азаматтық ұстаным танытып, республикалық референдумда дауыс беруге қатысуға шақырамыз, — деп жастар ұйымдары бірігіп, Алматы халқына үндеу жасады.