Өзбекстанның теміржол компаниясы Қазақстанмен жолаушылар тасымалын қалпына келтіреді

Өзбекстан 2020 жылы коронавирус пандемиясы басталғаннан кейін көрші елдерге теміржолмен жолаушылар тасымалын тоқтатқан болатын.

Биыл «Өзбекстан темір жолдары» компаниясы 1 сәуірде жолаушылар қатынасын ашуды жоспарлаған. Алайда Қазақстандағы карантиндік шектеулерге байланысты ол шешімді кейінге қалдырды.

«Қазақстан темір жолымен» келісіле отырып, Қазақстан Республикасымен арадағы жолаушылар тасымалын қалпына келтіруге шешім қабылданды, — делінген хабарламада.

Осылайша, 15 мамырдан бастап «Нүкіс – Бейнеу – Нүкіс» жолауышалар пойызы жолға шықса, 16 мамырда «Алматы– Ташкент – Алматы» бағытында жолаушылар тасымалдау басталады. Пойыздар аптасына үш рет жүреді.

Осы орайда «Өзбекстан темір жолдары» компаниясы Қазақстанға баратын жолаушыларға ПТР-тест тапсыру қажеттігін еске салды.