Нұр-Сұлтан тұрғыны терезеде тұрған 3 жасар қызды құтқарып қалды

Нұр-Сұлтан тұрғыны көппәтерлі үйдің 8 қабатында салбырап тұрған бүлдіршінді құтқарып қалды.

Бұл туралы қалалық төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.

Ақпаратқа сәйкес, Ұлы дала көшесіндегі 27-1 үйдің 9 қабатында кішкентай баланың салбырап тұрғаны туралы хабарлама бүгін сағат 10:21-де түскен. Шақырту орнына төтенше жағдайлар департаментінің 7 маманы мен 2 техникасы жіберілген.

Оқиға орнына жеткеннен кейін 8 қабаттағы балконнның ернеуінде салбырап тұрған бүлдіршінді төменге қабатта тұратын ер адамның құтқарғаны анықталды. 2019 жылы дүниеге келген қыз бала оқиға орын алған сәтте үйде ата-анасымен бірге болған. Бірақ баланың балконда жүргенін ата-анасы білмеген. 7 қабатта тұратын 1985 жылы дүниеге келген Сәбит Шонтақбаев балкон ернеуінде салбырап, жылап тұрған қызды көріп, ойланбастан өз өмірін қатерге тығып, санаулы сәттердің ішінде бүлдіршінді ұстап қалды, — делінген ақпаратта.

Департамент мәліметінше, Сәбит Шонтақбаев батылдық танытып, ерлік көрсеткені үшін наградаға ұсынылады.

Telegram арнамызға жазылыңыз

Күннің маңызды және өзекті жаңалықтарын телеграм каналынан оқыңыз