Татьяна Романова 30 жылдан бері кітап сатады. Алматы тұрғындары оны «Никольскийдегі букинист» деп таниды. Әуеліде көше бойында, кейін жертөледе кітап сатқан букинист туралы не білеміз? Екі дорба толы кітап бүгінде қалай үлкен кітап дүкеніне айналды? Baribar.kz тілшісі Татьяна Романованың дүкеніне барып, әңгімелесіп қайтты.

«Кітаптарым қиын-қыстауда нәпақа болды»

20 жыл байланыс қызметкері болып жұмыс істедім. 90-жылдардағы дағдарыс салдарынан көп адам қызметінде қысқартуға ұшырап, жұмыссыз қалды. Олардың ішінде өзім де бармын. Өте қиын уақыт еді. Жұмыс жоқ, бірақ бала-шағаны асырауым қажет. Содан өз саламнан кетіп, саудамен айналысуға бел будым.

«Не сатамын?» деген сұрақты өзіме қойғанда бірден ойыма кітаптарым келді, себебі менде бар ең құнды зат сол еді. Анам да, әжемде де, менде де кітапты сүйіп оқыдық, сол себепті әр кітаптың бірнеше данасы болатын. Соларды сатамын деп шештім. Арнайы бір орынды жалдауға қаражатым болмады, сондықтан екі дорба толы кітабымды арқалап, көше бойында, аллеяда саттым.

букинист, Алматы, кітапханашы, Татьяна Романовна, кітап
Фото: Бақдәулет Әбдуалы

Біртіндеп саудам жүре бастады. Басқалардан кітап сатып алдым, айырбастадым. Сөйтіп жүріп олардың саны әлгі екі дорбама сыймайтындай дәрежеге жетті. Содан «Көк базардан» жалға орын алдым. Базарда кітаптарым ұзыннан-ұзақ жайылып тұратын. Кейін онда сыймайтын болды. Сосын «Никольский» базарына ауысып, біраз уақыт сондағы дүкенді жалдадым. Өкінішке қарай, пандемия кезінде ол базарды толық жауып тастады. Содан амалсыз жертөлеге көшуге тура келді.

Жертөленің іші тар, қараңғы, бірақ соған қарамастан бағасы жоғары. Ақысын әрең төлеп жүрдік. Бір күні иесі келіп «Тұрғын үй астындағы жертөле болған соң кітап сақтауға болмайды», «Өрт шықса, қауіпті» деп ол жерді босатуымды сұрады. Содан не де болса, дұрыс орын таңдауым керек екенін түсініп, Қарасай батыр 88 б мекенжайына тоқтадық. Қазіргі орнымыз ұнайды, іші кең, жарық. Адамдар асықпай кітабын таңдап, осында отырып оқи алады, бірақ бұл жер өте қымбат. Екі айдан бері төлей алмай қиналып жатырмын. Дегенмен дәл осы кітаптар қиын-қыстау уақытта маған және отбасыма нәпақа болды. Сондықтан қаржы мәселесі үшін ғана дүкенімді жапқым келмейді.

Бұдан басқа киім, тұрмыстық заттар, Қытайдан ойыншықтар әкеліп, оны да сатып көрдім. Кітапқа қарағанда сол тауардан пайда көп түсті. Дегенмен кітаптың орны бөлек. Өзін-өзі ақтамай жатқан кез болса да, қиналсам да оған деген махаббатымды ештеңе баса алмады.

букинист, Алматы, кітапханашы, Татьяна Романовна, кітап
Фото: Бақдәулет Әбдуалы

«Тығылып жүріп кітап оқитынмын…»

Бала кезімнен кітапқа деген махаббатым ерекше. Жалпы замандасымның көбі кітапқұмар болатын. Мектепте алғаш Александр Беляевтің оқиғаларын, Аркадий Гайдаровтың «Тимур және оның командасы» кітабын оқып-өстік. Кластағы әр бала Лев Толстойдың «Соғыс және бейбітшілік» роман-эпопеясын оқып, әр бөліміне шығарма жазатынбыз. Таңертең ерте тұруымыз керек болғандықтан ата-анамыз кешке кітап оқуға рұқсат бермейтін. Сонда біз тығылып жүріп, көрпенің астына бүркеніп, шаммен кітап оқитынбыз. Сол іс-әрекетіміз үшін ұрыс та еститінбіз.

Қазір кез келген жерден қалаған кітабыңды сатып алуыңа болады. Ал бұрын кітап алудың өзі қиын еді. Дегенмен сол қиындығымен ыстық. Біз кітапты талон арқылы алатынбыз. Ол талонға ие болу үшін 5 килограмм макулатура жинап, өткізуіміз керек. Әжем, анам, мен — бәріміз таңнан кешке дейін картон, қағаздарды жинап, түнде өткізіп, тіркеліп кететінбіз. Таң ата салысымен талон алуға жүгіреміз. Кейін кітапқа тапсырыс беріп, оның әкелуін асыға күтеміз.

букинист, Алматы, кітапханашы, кітап
Фото: Бақдәулет Әбдуалы

«Қазақша кітаптар да сатамын»

Біздің кітап дүкенінде түрлі жанрдағы кітап бар. Кеңес одағы кезінде жазылған, ескі энциклопедияны да, классикалық әдебиеттерді де, заманауи басылымдарды да таба аласыз. Кітап дүкеніміз туралы тек Алматы емес, басқа қала тұрғындары да біліп, іздеп келеді. Кейбірі диссертация, зерттеу жұмысына қажет ақпараттарды осы жерден тауып жатады.

букинист, Алматы, кітапханашы, кітап
Фото: Бақдәулет Әбдуалы

Қазақ тіліндегі кітап саны аз, дегенмен қазақ авторларының шығармалары бар. Мысалы, көп жерде кездеспейтін  Дінмұхаммед Қонаевтың жеке кітабы біздің сөремізде тұр.

букинист, Алматы, кітапханашы, кітап
Фото: Бақдәулет Әбдуалы

Қазақтілді аудитория көбіне Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» эпопеясын, Ілияс Есенберлиннің «Көшпенділер» романын, Бердібек Соқпақбаевтың «Менің атым Қожа» повесін сұрап келеді.

Қазіргі ата-аналарға «бәрекелді» деймін. Балаларын арнайы кітапханаға алып келіп, ертегілер оқып береді. Өкінішке қарай, ескі қазақ ертегілерін іздеп таппадым, десе де оқырмандарымыз үшін жаңа ертігілерді сатып алып қоямын.

букинист, Алматы, кітапханашы, кітап
Фото: Бақдәулет Әбдуалы

«Кітап оқитын жастар қайта қалыптасып келеді»

Оқырмандар әртүрлі. Зейнеткерлер махаббат хикаясы, детектив  жанрындағы кітаптарды оқуды ұнатады. Көбісінің кітап сатып алуға шамасы жетпейді, сол себепті оларға 50 теңгеге уақытша оқып тұруға беремін. Ал жастар, студенттер психологияға қызығады. Қазір психологиялық кітаптардың көп басылуының да себебі сол шығар. Олардың да қалтасына қараймын. Сол себепті дүкенде кітабымыз 200, 500, 1000 теңге тұрады. Кейде жастардың кітапқа деген қызығушылығына қуанып, тегін ұстатып жіберемін. Кейбірі «Неге сонша арзанға бересіз?» «Бағасын көбейтсеңізші», «Мен көбірек берейін» деп жатады, бірақ мен олай істей алмаймын.

Кітап оқитын жастар қайта қалыптасып келеді. Жас ата-аналар да балаларын дүкенге ертіп келіп, кітап оқуға баулып жүр. Қазіргі аудиторияға риза болсам да, жазушыларға аса көңілім толмайды. Автордың көбі кітабында өзі туралы жазуды әдетке айналдырыпты. Оқырманға мұның не үшін қызық екенін түсінбеймін.

букинист, Алматы, кітапханашы, Татьяна Романовна, кітап
Фото: Бақдәулет Әбдуалы
букинист, Алматы, кітапханашы, Татьяна Романовна, кітап
Фото: Бақдәулет Әбдуалы

Бұрын үйінде энциклопедия, әйгілі авторлардың том-том кітабы бар адамдар бай болып саналатын. Мен үшін әлі күнге дейін кітап — құнды зат. Сол себепті оларды баптап ұстаймын. Шаңын сүртемін, беттерін жабыстырамын, шимай жазуларды  өшіремін, себебі оларға да күтім қажет.

букинист, Алматы, кітапханашы, Татьяна Романовна, кітап
Фото: Бақдәулет Әбдуалы
букинист, Алматы, кітапханашы, кітап
Фото: Бақдәулет Әбдуалы
букинист, Алматы, кітапханашы, кітап
Фото: Бақдәулет Әбдуалы
букинист, Алматы, кітапханашы, кітап
Фото: Бақдәулет Әбдуалы
букинист, Алматы, кітапханашы, кітап
Фото: Бақдәулет Әбдуалы