«Көк кит, тыныш үй» ойыны ажал апаны ма?

Жалпы, әлеуметтік желілердің, соның ішінде Вконтакте желісінің жасөспірімдерге кері әсер ететіні жайлы талай айтылған. Діннің радикалды бағыттарына үндейтіндер де, экстремистік насихатты тарататындар да, порнография да, өмірден баз кешуді мұрат тұтып, жұртты да өздерінің қатарына қосып алуға тырысатындар да сол желіде. Ресейлік бұл әлеуметтік желіні бақылаушылар да, қолданушылар да онда «әй дейтін ажа, қой дейтін қожа жоқ» екенін аңғарады. Ақыры сол жүгенсіз желінің зардабы бізге де тие бастады. Ондағы суицидке үндейтін топтардың арбауына түсіп қалған жасөспірімдер анықталып жатыр. Қазірдің өзінде «Синий кит», «Тихий дом» деп аталатын «ермек» тауып, сондағы үйлестірушілердің дегеніне еріп, өздеріне қол салмақ болған жасөспірімдер Алматы мен Астанадан, Семей мен Павлодардан, Петропавл қаласынан табылды. Бірқатар ақпарат құралдары Теміртауда өзіне қол салған жасөспірімнің ажалына әлеуметтік желілер әсер еткендігін жазуда. Бірақ ол оқиғаның анық-қанығы әзірге нақтыланбады. Құқық қорғаушылар Астанадағы мектеп оқушыларының арасынан әлеуметтік желінің кесірінен өмірден баз кешпек болғандарды анықтапты. Елімізде бір оқушы өз білегін тіліп, тамырын кеспек болған. Тура әлгі ойындардағы талапты орындапты. Абырой болғанда өлім-жітім жоқ. Дегенмен, соңғы бір аптаның ішінде әлеуметтік желілер арқылы суицидке шақыратын ойындарды ойнағандардың қатары аз емес екендігі анықталып жатыр.

«Көк киттің» қатысы қанша?

Сөз басында жасөспірімдерді суицидке итермелейтін «ойындардың» бірі «Синий кит» деп аталатынын айттық. Кәдімгі көк кит бұл. Соңғы жарты ғасырда осынау алып жануарлар саны сиреп бара жатыр. Ғалым­дар көк киттердің бірқатары өздерін қай­раңға атып жіберіп, жағалауда өлетінін анық­таған. Біраз зерттеушілер оған мұхит­тардың ластануы себеп десетін. Қандай себептен болса да көк кит қана емес, бірқатар киттер өздерін қайраңға лақтырып жіберетіні рас. Бір сөзбен айтқанда, суицид жасайды. Интернет арқылы өзгелердің тағдырын тәлкекке салатындардың «бас кейіпкер» ретінде китті таңдауының сыры осында.

Ресейлік Вконтакте желісінде китке қатысты топтар, қауымдастықтар өте көп. Ресейлік басылымдар олардың басым көпшілігі өлімді насихаттайтынын жазып жатыр. Жабық қауымдастықтар мен топтарға қосылған жасөс­пірімді түрлі тәсіл­дермен қызық­тырып, арнайы тап­сырма беретін ойын ұйымдас­тыратын көрі­неді. Сөйтіп, 50 кезең­нен тұратын ойын­ның со­ңында өзіне қол салуы тиіс екен. Әйт­песе, ойынға қаты­сушының туыс­­тарына қас­тандық жасалады екен-мыс. Китке қатысты топтарға қосыл­ған жасөспірімдерді осылай қорқытып-үркітетін көрінеді. Ақыры тығырыққа тірелген бозбала немесе бойжеткен өмірмен қоштасуға ұмтылады. Бірақ өткен жылы журналистік зерттеу жасаған ресейлік «Новая газета» басылы­мының тілшілері суицидке итермелейтін топтардың өкілдері ойынан бас тартқан бірде-бір адамның туысына қастандық жасамағанын жазған. ҚР Ішкі істер ми­нистрлігі мемлекеттік тіл және ақпарат де­пар­­таментінің директоры Алмас Сәду­баев масс-медиаға жасаған мәлімдемесінде 2016 жылы жасөспірімдерді өздеріне қол салуға итермелеген 9 дерек тіркелгенін айтты. Бі­рақ олардың әлеуметтік желілер­дегі топ­тар­мен байланысы нақты анықтал­маған. Де­генмен, құқық қорғау органда­рының ма­ман­дары әлеуметтік желілерде суицидті наси­хаттайтын топтарды анықтап, бұғаттап жатса керек. Сонымен бірге, білім беру меке­мелеріне де арнайы нұсқаулықтар беріле бас­тапты. Астана мектептеріне қалалық про­куратура әлеуметтік желілердің зардаптары туралы ескерту жасап, маман­дар­ды сақ болуға шақырыпты. Шығыс Қазақстанда да тиісті органдарға тапсырма берілгені белгілі болды. Қысқасы, мемлекет те қарап қалмай, қарсы шараларды ұйымдастырып жатыр.

Әлеуметтік желілерді бұғаттасақ ше?

Өткен жылы Ақтөбеде террорлық акт жасалған кезде ҚР Президенті жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының директоры Ерлан Қарин Вконтакте әлеуметтік желісін бұғаттау туралы ой айтқан. Себебі, бұл желі бассыз-баусыз кетсе керек. Түрлі бәле-жаланың бәрі сол желіде насихатталатын көрінеді. Біз атап өткен желіде киттің атауын алған топтардан бөлек, «Беги и умри», «Фея» деген қауымдастықтар да бар. Тіпті, ондай жабық топтар мен қауымдастықтардың саны жүздеп саналуы мүмкін.

Алайда бұл желіні жапсақ жағымсыз контентті тежей аламыз ба? Елімізде сол желіде тараған сорақы «ойынды» ойнап, өзінің қолын тіліп тастаған балаға қатысты деректерді қаскөйлер қалай алды? Мәселе сонда болып тұр. Ақпараттық технологиялар саласының мамандары бұл жерде мәселе тек әлеуметтік желіде емес екенін айтады. Техникалық тұрғыда қандай да бір адам жайлы ақпаратты бүге-шігесіне дейін білу оңай-оспақ шаруа емес. Тек интернет қолданушылардың салғырт-салақтығының кесірінен түрлі ақпараттар қолды болып кетеді. Қаскөйлер соны да пайдаланып бағады.

«Вертер синдромын» туындаттық-ау…

Әлеуметтану ғылымында «Вертер синдромы» деген ұғым бар. Мұны алғаш рет америкалық әлеуметтанушы Дэвид Филлипс айтыпты. Мәселенің мәні мынада: масс-медиа арқылы көрсетілген, айтылған, жазылған өз-өзіне қол салу жөніндегі ақпараттардан кейін шынымен де өмірден баз кешпек болатындардың саны өсіп кетеді екен. Яғни, ұласпалы сипатқа ие болады. Қазақтың «жақсы­лықты асырып, жамандықты жасыруды» өмірлік ұстаным қылуы содан болса керек. Бір сөзбен айтқанда, қандайда бір жаман қылық, қатігездік, қылмыс туралы жиі айтылса, соларды жасайтындардың қатары да өсе түседі. Демек, әлеуметтік желілер арқылы тарап жатқан «ермекті» бірінші кезекте осы «Вертер синдромы» тұрғы­сынан қарастырған жөн.

Иә, алдымен ВКонтакте желісінде өлімге итермелейтін контент бар екенін ресейліктер айтқан. Өткен жылы Ресей масс-медиасы 2015 жылдың қарашасы мен 2016 жылдың сәуірі аралығында Ресейде 130 жасөспірімнің әлеуметтік желілердегі суицидті насихаттайтын топтардың кесірінен өздеріне қол салғанын жазған еді. Бірақ ол кезде бұл ақпарат туралы біздің елде айтылмады. Тек ішінара кейбір мамандар әлеуметтік желілердің қауіпті екендігін алға тартқан. Ал биыл…

Биылғы әңгіме ақпаннан басталды. Алдымен Қырғызстанда әлеуметтік желілерде «Синий кит», «Тихий дом» тәрізді ойындарды ойнап, өздеріне қол жұмсамақ болғандардың көбейіп кеткені туралы айтылды. Іле-шала бұл әңгіме Қазақстанда жайылды. Бірқатар телеар­налар, ірі сайттар ақпарат таратты, жаңалықтардан көрсетті. Одан соң WhatsApp желісінде түрлі диалогтардың скриншоттары, фотолар тарай бастады. YouTube желісінде де бейнежазбалар то­лып жүр. Бірін-бірі сақтандырған жұрт. Балалардың тағдырына алаңдаған көп­шілік. Суицидтің алдын алуға ұмтылған қауым #ядельфин немесе #янекит #небудименяв420 сияқты түрлі хэштегтер арқылы әлеуметтік желілерде белсенділік танытып жатыр. Құптарлық іс. Алайда әлгі «Вертер синдромы» ретінде қарасақ, әлеуметтік желілерде суицидті насихат­тайтын топтардың жарнамасын тұтас ел болып жасап отырған сияқтымыз.

ДереккөзАйқын