Ведомство басшысы бұрын Сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттіктің қызметкерлерін жұрт «халық жауы» секілді көретін болса, қазір жұмыстың жүйелі атқарылып жатқанына адамдардың көзі жеткенін айтты. Оның айтуынша, енді қоғамдық санаға серпіліс жасау қажет. Әрбір адам өзі куә болған заңсыздықтар жайлы басшылыққа немесе тиісті қызметке, оның ішінде жемқорлыққа қарсы агенттікке хабарлауды қалыпты жағдайға айналдыру керек.
Сондай-ақ Қайрат Қожамжаров жемқорлықты жоюды әркім өзінен бастауы керек екенін атап өтті.
«Адам алдымен өзіне «Еліміздегі жемқорлықтың деңгейін төмендету үшін не істедім?» деп сұрақ қоюы керек. Меніңше, посткеңестік елдер ішінде Қазақстан жемқорлықпен күресте ең белсенді ел саналады. Біздің тәжірибемізге көптеген ел, дәлірек айтқанда, біздің көршілеріміз, тіпті дамыған елдер қызығушылық танытуда. Мен шетелде болған кезімде біздің тәжірибемізді бөлістім. Біздің қатаң әдісіміз, яғни заңымыз бен тәжірибеміз әріптестерімізді есінен тандыра жаздады. Бізді лауазымы төмен шенеуніктерді ұстайды, «айран ішкен құтылып, шелек жалаған тұтылады» деп айыптайтын. Қазір жағдай өзгерді. Бұл – Мемлекет басшысының қалауы», — деді ол.
Соңғы уақытта бірталай танымал тұлғалар да жемқорлықпен айыпталып жатыр.
«Қарапайым халық құзырлы органдардың бұл қадамын бастапқыда түсінбей қалып жүрді. Алайда халық тергеу және талдау барысындағы ашықтық пен дәлелдердің арқасында ғана бұл қадамның дұрыстығын түсіне бастады. Мәселен, CentralAsiaMonitor және Radiotochka.kz сайттарының бас директоры Бигелді Ғабдуллин қамауға алынған кезде қоғам тура осылай тулады. Журналистер мен кейбір әріптестерім оның кінәсіз екендігін айтып, дәлелдерді көрсетуімді сұраған болатын. Алайда тергеу барысында бәрі басқаша болды. Ол кінәсін мойындады. Сот ашық түрде өтті. Барлық айғақ пен тергеу жұмыстарының нәтижелері ашық көрсетілді»,- дейді Қожамжаров.
Сонымен қатар, агенттік төрағасы белгілі актер Тұңғышбай Жаманқұловтың ұсталуы да осындай пікір тудырғанын айта кетті.