Тоқаев Amanat партиясынан шықты

Бүгіннен бастап Amanat партиясының төрағасы ретінде өкілетімді тоқтатып, партиядан шығу туралы шешім қабылдадым, — деді президент.

Президенттің айтуына қарағанда, мемлекет басшысы ешбір партияға басымдық бермегені жөн, саяси тұрғыдан бейтарап болуы қажет.

Бұл қадамның символикалық мәні бар. Осы орайда президент сайлауында маған сенім артып, қолдағандарыңыз үшін баршаңызға алғысымды айтамын. Сондай-ақ жауапты сәтте партия тізгінін сеніп тапсырғандарыңыз үшін ризашылығымды білдіремін, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Тоқаевтың сөзінше, президенттің партияға мүше болмау қағидасы сайлауға қатысатын барлық күшке тең мүмкіндік туғызады. Саяси жүйеде әділдіктің орнауына жол ашады.

Партия атқарушы билікке тәуелді болмаса, оған халықтың сенімі нығайып, беделі артады. Бүгінгі өзгерістер Аmаnаt-тың заман талабына сай жаңара түсуіне жол ашады. Партия елімізді өркендетуге өз үлесін қоса беретіні сөзсіз, — деді мемлекет басшысы.