Жәмила Бақбергенова екі дүркін Азия чемпионы атанды

Қазақстандық спортшы Жәмила Бақбергенова әйелдер күресінен Азия чемпионы атанды. Бұл туралы Ұлттық олимпиада комитеті хабарлады.

Турнир Ұлан-Баторда өтіп жатыр.

Ұлан-Батор бозкілемінде ол 72 келі салмақ дәрежесінде қарсылас шақ келтірмеді. «Дөңгелек айналым» жүйесі бойынша өткен бәсекеде отандасымыз қарсыластарының бәрін жеңді. Атап айтқанда, ол Даваанасан Енхамар (Моңғолия), Светлана Окназарова (Өзбекстан), Никки Никки (Үндістан) мен Сумире Ниикура (Жапония) сынды мықты балуандардың жауырынын жерге тигізді, — деп жазды баспасөз қызметі.

Нәтижесінде әйелдер күресінен Қазақстан құрамасы екінші алтынға ие болды. Жарыстың алғашқы күнінде оның сыңары Мадина Бақбергенова 68 келі салмақта топ жарған болатын.

Бұл Жәмила Бақбергенованың Азия чемпионатындағы екінші алтыны. Ол бұған дейін 2020 жылы Нью-Делиде өткен Азия чемпионатында үздік атанған.

Telegram арнамызға жазылыңыз

Күннің маңызды және өзекті жаңалықтарын телеграм каналынан оқыңыз