Түркістан полициясы педофилия бойынша сотталған 6 азаматты планшет арқылы қадағалайды

Олардың біреуі — 2020 жылғы желтоқсан айында КТК телеарнасының «Астарлы ақиқат» бағдарламасы эфиріне шыққан Назакат Рахметованы зорлаған Хасан Рашидов. Назакат Рахметова сол кезде өзінің 13 жасында зорланып, 15 жасында ана атанғанын айтып еді.

Түркістанның пробация қызметінің бастығы Ақмарал Торланованың айтуынша,  Хасан Рашидовпен бірге тағы да бес сотталғанға электрон білезік тағылды. Алты адамның үшеуі педофил, қалған үшеуі қылмысқа бейім болғаны үшін электрон бақылауға алынған. Пробация қызметінің инспекторлары аталған алты сотталғанды планшет арқылы қадағалап отырады.

Бұл электрон білезіктің сотталғандарға бақылау жасауға, тұрғылықты мекенжайын тастап кетпеуге, қайта жасауы мүмкін қылмыстың алдын алуға септігі мол. Білезік тағылған сотталғандарды пробация инспекторлары арнайы планшеттер арқылы бақылайды, егер сотталған жаза өтеу тәртібін бұзса немесе білезікті өздігінен шешуге тырысса, дабыл сигналы тәрізді белгі түседі. Сонымен бірге сотталғандарда бір немесе екі ескерту болса, білезік тағылады. Сотталған белгісіз бағытқа қарай кетсе, бірден сигнал түседі. Электрон білезікті бүлдірген жазасын өтеушілер жауапқа тартылады, – деді Түркістанның пробация қызметінің бастығы Ақмарал Торланова.