– Ердос мырза, Payda мобайл қолданбасын жасау туралы идея қалай пайда болды?

– Бухгалтерия саласында қызмет етіп жүргеніме 10 жылдан асты. Осы уақыт ішінде түрлі ірілі-ұсақты компаниямен жұмыс істедім. Сауда орталықтары мен зауыттардың қаржы бойынша жұмысына жетекшілік еттім. Ірі компаниялардың қаржылық есебінде жүйе барын байқадым. Шетелден, әсіресе, Ресейден дайын бухгалтерлік есеп бағдарламасын алып, сол бойынша есеп жүргізуге немесе оны елдегі өндіріске ыңғайлауға болады. Ал шағын және орта бизнесте шешімін таппаған мәселе көп. Қазір нарықта жеңілдетілген режимдегі шағын және орта бизнес саны — 1 400 000.

Қазақстанда сауда, такси, базар және фрилансер қызметі сұранысқа ие. Бірақ бизнестің бұл түрімен айналысатындар есеп жүргізу, кәсібін заңдастыру бойынша қиналады. Жеңілдетілген салық режиміндегі шағын және орта бизнес иелеріне тиімді бухгалтерлік қызмет көрсету тәсілі қарастырылмаған.

2018 жылы осы мәселені шешу үшін отандық ІТ өнімін жасау туралы идея келді. Осы жобаны іске асыру үшін басқа ұсыныстардан бас тартып, іске кірістім. Себебі нәтижелі әрі пайдалы өнім болатынына сендім. 2019 жылдың мамыр айынан бастап жобаның техникалық тапсырмасын жазуға кірістік. Қыркүйекте бағдарламаны әзірлеушіге бердік.

2021 жылы 18 наурызда iOS пен Android операциялық жүйесіне арналған Payda мобайл қолданбасын шығардық. Өнімнің мақсаты – қарапайым халыққа ыңғайлы, түсінікті, қолжетімді бухгалтерлік қызмет ұсыну. Алғашында қандай өнім қажет екенін нақты білмедік. Сондықтан бета нұсқасын өндіріске қосып, сараптама жасадық. Уақыт өте келе қолданушылар арасында қандай қызмет сұранысқа ие екенін біліп, жаңа функцияларды қоса бастадық.

– Мобайл қолданба қандай алгоритм бойынша жұмыс істейді? Қандай функциялары бар?

– Payda – шағын және орта бизнеске арналған бухгалтерлік қызметті ІТ технологияларының көмегімен автоматтандырған қолданба. Оны AppStore мен Play Market-тен жүктеп алу, тіркелу және қолдану тегін. Мобайл қолданба ЖТС, МӘМС, ӘА, МЗЖ сияқты төлем түрлерін енгізген деректер бойынша автомат есептеп береді. Қызметкерлерді тіркеу, шоттарды басқару, құжаттарды толтыру үлгісін де тегін қолдану мүмкіндігі бар.

Бухгалтерлік есептеу жүргізуге уақыты жоқ тұлғалар үшін арнайы ақылы пакет пен маман қызметі қарастырылған. Анализ жасаған соң бухгалтерлік қызмет түрлерін сегменттерге бөлу керегін түсіндік. Қазір түрлі сегментке бөлінген арнайы ақылы пакеттер бар. Сауда орнында, базарда жұмыс істейтін кәсіпкерлер үшін «Сауда» пакеті, транспорттық қызмет көрсететіндерге «Такси» пакеті, репетитор, фотограф сияқты мамандарға арналған «Фриланс» пакеті, Standard және VIP-пакет бар.

Әр пакетке қолданылу мақсатына қарай кадрлық тіркеу, яғни қызметкерлерді жұмысқа қабылдау, шығару, олардың айлық табысын есептеу, салық төлеу сияқты функциялар қосылған. Мысалы, «Сауда» қызметтер пакеті базарда сауда жасайтын, салықтар туралы ойлануға уақыты болмайтын кәсіпкерлерге арналған. Қызмет құны — айына 1 500 теңге. Онлайн-касса саудагердің салықтарын автомат есептеп, уақытылы салық есебін тапсырып, бухгалтерлік қызмет бойынша сұрақтың бәріне жауап береді.

Ал «Фриланс» пакетінің құны – 6 500 теңге. Ақылы пакет қолданушысына компаниядан арнайы бухгалтер тағайындалады. Әуелі қолданушының айлық табысы есептеледі, сол бойынша салық пен төлем түрлері жасалады. Ай сайын төлемді қайда, не үшін жасау керегі туралы хабарлама жіберіледі. Қаржыны не үшін, кімге төлеп жатқаны туралы ақпарат көз алдында тұрады. «Төлем жасау» батырмасын басқанда автомат түрде тіркелген төлем картасынан ақша алынады. Бұл – аталған пакеттегі алғашқы функция.

Келесі кезекте шот-фактура, бірыңғай бастапқы құжат (единый первичный документ), төлем шоты (счет на оплату), акт үлгісі беріледі. Есеп тапсыратын кезінде бухгалтер міндетті 910-форманы толтырып береді.

Қазіргі қолданыстағы бағдарламаны дайындауға үш жыл уақыт кетті. Жоспарланған қызметтің 30% функционалын ұсындық деуге болады. Мұнымен тоқтап қалмай, өңдеуді жалғастырамыз. Қазір нарықтағы сұранысты зерттеп, сараптама жасап жатырмыз. ІТ-технология да күн сайын дамып, бізге жаңа мүмкіндіктер ұсынып отыр. Қолданушылар базасы өскен сайын жаңа өнім мен қызмет түріне сұраныс артып келеді.

Ердос Әлібек
Ердос Әлібек. Фото жеке архивінен

– ІТ өнімін жасау үшін ақпараттық технологиялардан хабардар болу қаншалықты маңызды?

– Бухгалтерия саласында көбіне 1С бағдарламасымен жұмыс істедім. Оны кәсіптің әр түріне ыңғайлап, түрлі форматта қолданатынбыз. Сондықтан жобаны қолға алмай тұрып нақты концепциясын және ІТ-технологияның көмегімен қандай өнім жасауға болатынын білдім, бірақ ІТ саласында базалық білімім болмады. Міндетім — ІТ мамандарына нақты қандай өнім керек екенін жеткізіп түсіндіру болды.

Компанияның техникалық директоры Николай Проценко отандық 7-8 банкте жұмыс істеген. ҚБТУ мен МГУ-ды бітіріп, Қырғызстанда жұмыс істеген. Тәжірибесі мен білімі мықты. Сондықтан компанияның техникалық бөлімін Николайға сеніп тапсырдым және ол сенімді ақтады.

Елімізде ІТ-стартап көп қолдау таба алады. Мысалы, Astana Hub технопаркінің қатысушысы болған соң ЖТС, КТС, ҚҚС салықтарынан босатылдық.

– Payda мобайл қолданбасының Қазақстанда немесе дүниежүзінде баламасы бар ма?

Қазақстанда жалпы бухгалтерлік қызмет бойынша бәсекелес компания да, өнім де бар. Бізге дейін де, бізден кейін де, бізбен қатар пайда болып, бухгалтерия бойынша қызметін ұсынып жатқан 5-6 өнімді білемін. Әрқайсысының ерекшелігі, маманданған саласы бар. Сондықтан біз бір-бірімізден көшірмейміз.

Payda-ның артықшылығы деп қазақ және орыс тілінде қатар қызмет беруін және шағын және орта бизнес алаңындағы алғашқы мобайл өнім болуын айтар едім.

– Жоба аудиториясын толық қамти алды ма?

Бір жылдың ішінде мобайл қолданба 6 мың рет жүктелді. Оның 5 мыңы белсенді қолданады. Ал ақылы қызмет пакетін сатып алғандар саны – 1 мың. Бұл компания үшін жақсы көрсеткіш деп айта аламын.

Әр компанияның ойлау жүйесі мен қызмет көрсету сегменті бар. Мысалы, біз көбіне шағын және орта бизнеске қызметімізді ұсынамыз. Мақсатты аудиториямыз – 1-10 қызметкері бар жеке кәсіпкерлер (заң бойынша 30 қызметкерге дейін де тіркей алады).

Қарапайым тілмен түсіндірсек, базардағы саудагер, такси қызметі, жүк тасымалдау және жеткізу қызметі, кез келген шағын сауда иесіне ыңғайлы қызмет түрін ұсынамыз. Себебі олар шағын бизнеске бухгалтер жалдауға немесе жеке есеп жүргізіп кәсібін заңдастыруға қиналады әрі уақыт таба бермейді. Біз оларға уақыт пен энергияны үнемдеуге, құжаттарын заңдастыруға көмектесеміз.

Осы тұста компания тәжірибесінен бір кейс келтірейін. Су жеткізу қызметімен айналысатын тұтынушы компания болды. Түрлі фирмаға тапсырыс бойынша су жеткізген кезде төлем шоты деген құжат өткізуі қажет. Біздің компанияның қызметіне жүгінбей тұрып бұл процесс былай жүзеге асқан: төлем шоты құжатын (счет на оплату) жасау үшін жеке бухгалтеріне хабарласады, ол 1C бағдарламасы бойынша немесе MS Excel бағдарламасындағы шаблонмен жұмыс істейді. Бұл кемінде 1-3 сағат уақыт алатын. Бухгалтердің шаруасы көп болса, уақыт ұзара береді. Ал біз бұл процесті жеңілдетіп, автоматтандырғаннан кейін мобайл қолданбада төлем шоты құжатын 1-3 минут ішінде жасап бірден фирманың бухгалтериясына өткізіп кете алатындай жағдай жасадық. Уақыт пен ресурсты үнемдеу арқылы кез келген кәсіптің дамуын жеделдетуге болады. «Есебі саудың – кәсібі сау» деген ұранды ұстанамыз.

– Онлайн бухгалтер мен дәстүрлі бухгалтердің қызмет құнында айырмашылық бар ма?

– Payda уақыт пен энергияны ғана емес, қаржыны да үнемдеуге көмектеседі. Бухгалтер жалдау немесе әрбір қызмет құнын төлеу қымбатқа түседі. Біз автоматтандырылған жүйемен жұмыс істейтіндіктен минимал төлем белгіледік. Қазір Қазақстан бойынша біздікінен төмен баға жоқ.

Біздің әу бастағы мақсатымыз өнімімізді сатып, табыс табу болмады. Қазір де қызмет пен өнім арқылы баюды емес, адамдардың қаржы, бухгалтерия бойынша сауатын арттыруды ойлаймыз. Сондықтан әлеуметтік желідегі парақшаларымызда, мобайл қолданба мен платформада танымдық ақпарат дайындап, жариялап отырамыз.

Жоба барысында тұтынушылармен коммуникация маңызды екенін түсіндік. Компанияда маркетинг пен сату бөлімі, call-орталық бар. Қолданушылардан сұраныс келсе, хабарласып, кері байланыс жасап, қажет қызметті ыңғайлы форматта ұсынуға тырысамыз. Мақсатты аудиториямен байланысу үшін жарнама жұмысымен айналысамыз.

– Қазір компанияда қанша адам жұмыс істейді? ІТ-маман мен бухгалтер арасындағы байланыс қалай жүзеге асады?

– Payda компаниясында барлығы 30 қызметкер бар. Оның 10-ы ІТ-технологиямен айналысады. Олар мобайл бағдарламалаушылар, back және front бағдарламаушылар болып бөлінеді.

8 бухгалтер жұмыс істейді. Оларды «сервистік бухгалтер» деп атаймыз. Мобайл қолданба қолданушыларының сұранысын осы сегіз бухгалтер орындайды. Бір бухгалтердің өзі кемінде 100-150 адамға қызмет көрсете алады. Қалған 12 адам сату бөлімі мен маркетинг саласы бойынша жұмыс істейді.

Өнімнің басты логикасы да осы еді, аз ресурспен үлкен көлемде қызмет көрсету. Бұл мақсатқа ІТ-технологияларды ұтымды қолданудың арқасында жеттік. Адамның физикалық күшімен істелетін қызмет түрін автоматтандыру арқылы ресурс үнемдедік.

Ердос Әлібек
Ердос Әлібек. Фото жеке архивінен

– Payda болашақта қандай бағытта дамиды?

– Қолданушылардың пікірі мен сұранысына құлақ асамыз. Кейінгі зерттеулерімізден жеке кәсіпкерлердің көбінің қаржы және бухгалтерия бойынша сауаты төмен екенін байқадық. Қарапайым құжатты стандарт бойынша рәсімдеу, салық пен төлем көлемін есептеу ісінде қиналады екен. Сондықтан сауат ашу мақсатында коммуникациялық стратегия дайындап жатырмыз. Бухгалтерия бойынша сауат деген не, салықтың қандай түрлері бар, оны кімге, не үшін төлейміз, төлемді қалай жасаймыз деген сұрақтарға жауап береміз. Сауатты кәсіпкерлермен жұмыс істеу, байланыс орнату өзіміз үшін де пайдалы болар еді.

Payda academy деген бағытымыз бар. Ол жерде адамдардың сауатын ашып қана қоймай, компаниямызға болашақ білікті мамандар дайындау жоспарда бар. Қазір авторлық курстар дайындап жатырмыз. Портал арқылы бухгалтердің базалық білімін бергіміз келеді. YouTube-те канал аштық. Курсқа арналған 4-5 минуттық видеолар түсіріп жатырмыз. Болашақта тіркелетін қолданушылардың бәріне қолжетімді ету жоспарда бар. Сонымен бірге мобайл қолданбаның визуалын жақсартқымыз келеді. Кез келген адам қолданбаны жүктеп алған соң ешкімнің көмегінсіз тіркеліп, түсінікті ақпарат алуы үшін қарапайым функциялар жасауға тырысамыз.

Гипотеза, аналитиканың нәтижесінде қосымшаның дизайны мен құрылымын барынша үйлестіреміз. Әзірше Қазақстандағы ең қолайлы қолданба Kaspi bank-тікі. Біздің де мақсатымыз — супер ұтымды мобайл қолданба жасау. Freedom finance кейсін де мысал ретінде қарастырдық. Қолданушыларға қарапайым тілмен ақпарат беру арқылы кез келгені сауатты түрде акция сатып ала алатын деңгейге жеткізіпті. Біз де барынша тиімді, ұтымды жолмен адамдардың бухгалтер бойынша сауатын ашып, өзіне қажет қызметті еркін қолдана алатын саналы қоғам құруға талпынамыз.

— Сұхбатыңызға рақмет! Істеріңіз алға баса берсін!