Басты бетЖаңалықтар«Алматы жылу...

«Алматы жылу жүйелері» тұтынушыларға 49,4 миллион теңге қайтарады

Табиғи монополияларды реттеу комитетінің хабарлауынша, ведомствоның Алматы бойынша департаменті сыртқы ауаның нақты температурасын ескеріп, 2020-2021 жылдардағы жылумен жабдықтаудың құнын қайта есептеп, 49,4 миллион теңге мөлшерінде артық соманы шығарған.

Алайда қалаға қызмет көрсететін «Алматы жылу жүйелері» ЖШС мұнымен келіспеген, керісінше тұтынушыларға шамамен 5 миллион теңге көлемінде қосымша есептеу қажет екенін хабарлады.

Департамент Алматының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотына «Алматы жылу жүйелері» ЖШС-ын өз міндетін орындауға мәжбүрлеу туралы талап-арызбен жүгінді. Биылғы 26 қаңтардағы сот шешімімен талап-арыз толық қанағаттандырылды. Сонымен қатар ЖШС осы сот шешіміне аппеляция берді. Бірақ Алматы соты аппеляцияны қараусыз қалдырды. Енді «Алматы жылу жүйелері» күзгі-қысқы кезеңде температуралық режимді сақтамағаны үшін тұтынушыларға жылумен жабдықтаудың құнын 49,4 миллион теңгеге қайта есептеу туралы шешімді орындауы қажет, — делінген хабарламада.

Серіктестік алдағы мамыр айында тұтынушылардың түбіртектеріне қайта есептеу жүргізуі қажет.