– Асхат мырза, аймақта ІТ-қауымдастық құруда қандай кедергілер кездесті? Шығыс Қазақстан облысында ІТ қандай деңгейде?

Нұр-Сұлтан, Алматы сияқты ірі қалалармен салыстырғанда Қазақстанның өңірлерінде ІТ саласын дамытуда кедергі көп. Менің ойымша, аймақтарда ІТ технологияларына сұраныстың аз болуы және күнделікті тұрмыста қолданысқа енгізілмеуі — басты проблема.

Сонымен бірге өңірлерде ірі ІТ-компания, өндіріс орталығы, FinTech компания жоқтың қасы. Кей аймақтарда филиалдары ашылған, бірақ олар маңызды шешімді өзі қабылдай алмайды, орталық басшылық жіберген бағдарламалық құралдармен жұмыс істейді. Сондықтан өңірлердегі мықты ІТ-компания болсын, білікті маман болсын ірі қалалардағы нарыққа шығуды көздейді. Аймақтарда үлкен ІТ-компаниялар  болмағандықтан, сапалы мамандар тұрақтамайды.

Осы олқылықтың орнын толтыру үшін Семейдегі Әлихан Бөкейхан университетінде Abai IT-Valley технология кластері ашылды. Технокластер цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі, Astana Hub халықаралық ІТ-стартаптар технопаркі мен ұлттық банктің төлем және қаржылық технологияларды дамыту орталығының қолдауымен құрылды. Бұл аймақтардағы ІТ әлеуетін жақсартуға мемлекет тарапынан назар аударыла бастағанын білдіреді.

Abai IT-Valley технокластерінің басты мақсаты – өңірдегі ІТ мамандары мен осы салаға қызығатын адамдардың басын бір орталыққа жинап, ортақ мақсаттарын орындауға көмектесу.

Қазақстанның барлық аймағындағы ІТ әлеуетін зерттемедім, алайда технокластер ашылмай тұрып өзіміздің өңірдегі ахуал туралы іздендік. Шығыс Қазақстан облысында ІТ саласының даму тенденциясы жоғары болатынына сенім артқандықтан осы жобаны қолға алдық.

Нақты мысалдар келтіре кетсем, біздің өңірде көлік конструкциясымен айналысатын зауыттар, танк зауыты, цемент зауыты сияқты ірі кәсіпорындар бар. Аталған кәсіпорындардың жұмыс процесін жеңілдету үшін ІТ технологияларын қолдана аламыз. Осылайша, өңірдегі ІТ технологияны ғана емес, өндіріс пен кәсіпті де жандандыруға болады.

Асхат Бейсембаев
Асхат Бейсембаев. Фото: Abai IT-Valley

– Білуімізше, Abai IT-Valley технокластерінің ашылу салтанаты өткенімен, толық іске қосылмады. Оның себебі неде және толық іске қосу қай уақытқа жоспарланып отыр?

Ресми ашылу салтанаты әлі болмады. Алайда 12 сәуірде Abai IT-Valley технология кластерінің құрылуына орай баспасөз конференциясы өтті. Жиында технокластерді құрудағы мақсаты мен міндеттері, кластердің жұмыс бағыттары таныстырылды.

Баспасөз конференциясына бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері мен қонақтармен бірге Семейдегі ЖОО мен орта-кәсіптік оқу орындарының студенттері шақырылды. Мұндағы мақсат – олардың арасынан ІТ саласына қызығатындарды іздеп табу.

Баспасөз конференциясынан кейін 100-ге жуық адам курсқа тіркелді. Курс Astana Hub халықаралық технопаркінің Teenpreneurs жобасының аясында жүзеге асырылып жатыр. Қысқа және ортамерзімді ІТ-курстарда заманауи бағдарламау тілдерін, ІТ-стартап әзірлеу жолдарын және оны дамытуды үйретеміз.

Abai IT-Valley технология кластерінің ресми ашылу салтанаты маусым айына жоспарланып отыр. Қазір команда қызу жұмыс істеп, өңірдегі сұраныс пен ІТ-мамандардың потенциалын зерттеуді жалғастырып жатыр.

Abai IT-Valley
Фото: Abai IT-Valley

– Курсқа қатысу үшін іріктеу жүргізіле ме? Қатысушылардың осы салада базалық білімі болуы міндетті ме?

Технокластерде екі бағыттағы курс ұсынамыз. Біріншісі – арнайы кәсіптік, екіншіcі қолданушылық. Арнайы кәсіптік курстарға тегін оқу үшін іріктеу жүргізіледі. Базалық білімі болмаса, іріктеу алдында қатысушының бәріне білуі қажет нәрселерді өзіміз үйретеміз. Ал қолданушылық курстар тегін және курсқа қатысу үшін арнайы білімнің қажеті жоқ.

– Abai IT-Valley орталығын ашу президенттің былтырғы қыркүйектегі жолдауына дейін жоспарланған ба еді, әлде идея жолдаудан кейін пайда болды ма? Технокластердің атауы болашақта құрылатын Абай облысына байланысты таңдалды ма?

Alikhan Bokeikhan university қабырғасында IT lab зертханасы бұрыннан бар. Президенттің жолдауынан кейін осы зертхананың негізінде Abai IT-Valley технология кластерін ашу туралы шешім қабылданды. Негізі бұрыннан ойда бар еді, ал президент жолдауы идеяға серпін берді және ашылу процесін тездетті.

Технокластердің атауына келсек, Абай атауын берудің бірнеше себебі бар. Біріншіден, кластер Абайдың туған жерінде ашылып отыр. Екіншіден, кластердің ашылуы президенттің Абай облысын құру туралы шешімімен тұспа-тұс келді.

Үшіншіден, Абай есімі үнемі білім-ғылыммен, ағартушылықпен, жаңа нәрсені білуге ұмтылумен байланысты. ІТ саласы жаңалыққа, ізденіске толы болғандықтан технокластерді Abai IT-Valley, яғни «Абай ІТ алқабы» деп атауды жөн көрдік.

Abai IT-Valley
Фото: Abai IT-Valley

– Технокластерді мамандармен, құрал-жабдықтармен қамту бойынша қандай стандарттарға сүйендіңіздер?

Біз Astana Hub халықаралық технология паркінің моделіне сүйеніп жұмыс істейміз. Барлық функция мен процесс Astana Hub технопаркінің тәжірибесінен өткен.

Өңірлік технокластер ретіндегі мақсатымыз бен міндетіміз – өңірдегі озық индустриялық-инновациялық технологияларды әзірлеу және іске асыру үшін жағдай жасау. Біздің өңірде іске асырылған әрбір стартап ол – бір ІТ-фирма. ІТ-стартаптарға қолдау жасау арқылы біз өңіріміздің әл-ауқатын арттырамыз. Қазірдің өзінде командамыз мықты деп айта аламын. Өз өңіріміздің азаматтары осы жоба аясында бірлесіп, жақсы жобалардың идеясын ұсынып, талқылап жатыр.

– Abai IT-Valley мақсатты аудиториясына қол жеткізу үшін қандай шаралар атқарылып жатыр?

Ақпараттандыру мен адамдарды толық қамтудың түрлі шарасын атқарып жатырмыз. Abai IT-Valley-дің әлеуметтік желілерде ресми парақшалары ашылды. Сонымен қатар біздің мамандар аймақтағы білім беру мекемелерімен, ІТ саласына қызығушылығы бар басқа да мекемелермен байланыс орнатуға тырысып жатыр. Аймақтағы ІТ мамандарымен, жеке тұлғалармен де жұмыс істейміз.

– Abai IT-Valley аймақтағы ІТ-стартап авторларына қандай мүмкіндік пен жеңілдік ұсынады?

Astana Hub халықаралық технология кластерінің өңірдегі ресми өкілі құқығына ие болғаннан кейін оның барлық мүмкіндігін біз де қаламыздағы стартап жобаларға бере аламыз. Салық пен төлемнен босату, инвестиция табуға көмектесу сияқты қызметтерді ұсыну жоспарланып отыр.

– Президент 2025 жылға дейін 100 мың ІТ маманын дайындау туралы тапсырма бергенін білеміз. Abai IT-Valley орталығы шамамен қанша маман дайындай алады?

Әзірше жылына 500-ге жуық маман дайындаймыз деген жоспар бар. Өңірде ІТ саласына қызыққандар өте көп. Егер сұраныс көбейіп жатса, жоспарлағаннан жоғары көрсеткішке қол жеткізуіміз әбден мүмкін.

Abai IT-Valley
Фото: Abai IT-Valley

– Қазақстанның басқа өңірлері технокластер ашуға дайын деп ойлайсыз ба?

Abai IT-Valley сияқты технология кластері өңірлерде көптеп ашылуы керек деп ойлаймын. Себебі қазіргі ақпарат ғасырында, цифрландыру дәуірінде өңірлер де төртінші ғылыми-техникалық революциядан артта қалмауы керек.

– Сұхбатыңызға рақмет! Жұмыстарыңызға сәттілік тілейміз!