Әділет министрі Қанат Мусин президенттің жақын туыстарын басшылық қызметке тағайындауға тыйым салу мәселесін түсіндірді. Оның айтуынша, осы лауазымдардың тізіміне дипломаттар да кіреді.
Конституцияға президенттің жақын туыстарына мемлекеттік қызметте саяси лауазымдарды атқаруға тыйым салу тетігі енгізіледі. Ол үлкен тізім, оған белгілі бір дәрежесі бар дипломатиялық қызметкерлер де кіреді, — деді министр орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.
Осы орайда тілшілер Тоқаевтың туысын қызметтен ала ма, жоқ па, осы мәселені нақтылап беруді сұрады. Министрдің сөзінше, конституция талаптары барлығына ортақ болады.
Жаңағы тыйым енгізілген бойда барлығы заң бойынша жасалады. «Қызметтен алып тастайды» деген сөз кеңес дәуірінен қалған термин шығар. Ол кісі қызметін босатуға тиіс, себебі заң бойынша оны атқара алмайды, — деді Қанат Мусин.
Айта кетейік, Тоқаевтың қарындасы – Қарлыға Ізбастинаның күйеуі Теміртай Ізбастин Қазақстанның Болгариядағы төтенше және өкілетті елшісі қызметін атқарып жүр.