Алматыда мопедтерді ұрлап, сатып келген қылмыстық топ ұсталды

Наурызбай аудандық полиция басқармасының бастығы Дидар Ахановтың айтуынша, полиция бөлімшесіне ағымдағы жылдың наурыз айынан бастап мопед ұрлығы туралы шағымдар түсе бастаған.

Күдіктілердің жеке басы анықталып, қамауға алынды. Олардың қылмыстарының барлығы дерлік видеокамераға түсіп қалған. Күдіктілер түнгі уақытта көпқабатты үйлердің аулаларында қараусыз тұрған көлік құралдарын ұрлап келгенін айтты. Кейін мопедтерді сатып отырған. Осылайша қаскөйлер екі мопедті сатып үлгерген, тағы үшеуі тәркіленіп, айғақ ретінде қылмыстық іс материалдарына қосылды,- делінген хабарламада.

Дидар Ахановтың айтуынша, ұсталғандар Қазақстанның әр өңірінің тумалары. Олар 1997, 1998, 2000 және 2003 жылы туғандар. Олардың бірі осыған ұқсас қылмыстар үшін бұған дейін сотты болған.

Жедел және тергеу шаралары жалғасып жатыр.