Министр тарих пәнін оқытуда енгізілетін өзгерістер туралы айтты

Бұдан былай ЖОО-да «Қазақстанның қазіргі заманғы тарихының» орнына «Қазақстан тарихы» пәні оқытылады.

Осыған дейін Петропавлда тарих пәні мұғалімдерінің съезі өткен болатын. Съезге 300-ден астам тарих пәнінің мұғалімі, тарихшы, әдіскер, ғылыми-зерттеу институттары мен бірқатар жоғары оқу орнының басшылары қатысты. Съезге қатысушылар үлгілік оқу бағдарламалары мен оқулықтардың мазмұнын жетілдіру, сонымен бірге оқушылардың оқу жетістіктерін бағалау, жоғары оқу орындарында тарих пәні мұғалімдерін даярлау және мұғалімдердің біліктілігін арттыру мәселелерін жан-жақты және ашық талқылады, — деп жазды минситр әлеуметтік желідегі парақшасында.

Министр нақты қабылданған шешімдерге тоқталды:

1. Қазақстан тарихы мен Дүниежүзі тарихы оқулықтары енді еліміздің барлық мектебі үшін бірыңғай және базалық болады.

2. Жоғары оқу орындарында қазіргі «Қазақстанның қазіргі заманғы тарихының» орнына «Қазақстан тарихы» пәні оқытылады, яғни бағдарлама тарихтың басқа да кезеңдерін, дәлірек айтқанда, ежелгі, орта ғасырлар және жаңа заманды қамтиды.

3. Енді ғылыми бағытта білім алған тарихшылар қайта даярлау курстарынан өтіп, кейін мектепте сабақ бере алады.

4. Бағалау бойынша өзгерістер енгізіледі. Қорытынды аттестаттау бұрынғыдай жазбаша ғана емес, ауызша және жазбаша түрде өткізіледі. Жиынтық бағалау мұғалімнің қалауы бойынша ауызша немесе жазбаша түрде жүргізілуі мүмкін.

5. Петропавлда Ә. Марғұлан атындағы Археология институты, Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты сияқты ҒЗИ филиалдары ашылып жатыр. Бұл институттарда ауқымды археологиялық зерттеулер ұйымдастырылады.