Бүгін Алматы облысының бірқатар аймақтарында секундына 23 метр жылдамдықпен жел соғып тұр. Осыған байланысты облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері облыс тұрғындарының ұялы телефондарына SMS-хабарламалар жіберіп, Үшарал-Достық бағытымен жолға шықпау қажеттігін ескертуде.
Қазір онда қар аршу жұмыстары жүріп жатыр. Сондай-ақ жолда қалып қойған жолаушылардың бар-жоқтығы жіті тексерілуде.Үшарал-Достық, Сарыөзек-Көктал тасжолы бұған дейін де бірнеше рет жабылып, аязды күні жолда қалған мыңдаған жолаушы эвакуацияланған болатын.
«Тəртіп сақшыларының дер кезінде кезекшілікке шығып, төтеншеліктердің қауіпті жол бөлігінде шұғыл əрекет етуінің арқасында соңы адам өліміне əкеліп соқтыратын қайғылы оқиғалар болған жоқ. Дегенмен дабылды ескертуді елемей, жолға шығып кететіндер баршылық. Біз оларға сақтық шараларына бей-жай қарамау керектігін үнемі ескертіп отырамыз», — дейді облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері.