Қазақстанда IT мамандарының әскери қызметін кейінге қалдыру ұсынылды

Атап айтқанда, IT мамандарына әскери қызметті кейінге қалдыру, отандық IT-шешімдерді енгізу үшін жеңілдікті кредит беру, Astana Hub-та эксаумақтылық қағидаты бойынша салық преференцияларының қолданылуын 2029 жылға дейін ұзарту ұсынылады.

Қазақстанда жұмыс істеуге қызығушылық танытатын IT-мамандарынан келіп түсетін сауалдарға жедел жауап беру үшін арнайы жұмыс тобы құрылды, оның құрамына Astana Hub халықаралық IT-стартаптар технопаркінің, «Азаматтарға арналған үкімет» КЕАҚ, Нұр-Сұлтан және Алматы әкімдіктерінің өкілдері кірді.

Жұмыс тобының қызметі аясында Қазақстанға келуге мүдделі компаниялармен қарым-қатынас жолға қойылған. Өзекті ақпаратты алу үшін елге кіру, тұру және компания ашу туралы, сонымен бірге IT саласын мемлекеттік қолдау шаралары туралы толық нұсқаулықтары бар веб-сайт құрылды. Әлеуметтік желілерде қатысушылар бизнесті жүргізуге қатысты сұрақтарға шұғыл түрде жауап ала алатын топ құрылды. IT-компанияларды көшіру кезінде қолдау көрсететін бейінді ведомстволармен жұмыс ретке келтірілді.